Түркістан: Жетісайлықтар есірткіге қарсы марафонға қатысты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Түркістан: Жетісайлықтар есірткіге қарсы марафонға қатысты

2

Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен есірткі затының заңсыз айналымының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Менің қалам – есірткісіз Жетісай – 2026» жалпыаудандық марафоны өтті.

Жас ерекшелігіне қарай 18-30, 30-45, 45 және одан да жоғары жастағы аудан және қала тұрғындары бақ сынаған марафонға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрышбек Елшібаев арнайы қатысты.
– Бүгінгі өткізіліп отырған марафон – спорттық шара ғана емес, ерік-жігердің, батылдықтың көрінісі. Біз осындай марафондар арқылы бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, зиянды әдеттерге қарсы тұра аламыз. Мұндай шаралар ауданымызда бұқаралық спорттың дамуына зор септігін тигізеді, қоғамда салауатты ұрпақ қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін. Бұл жарыс сіздерге тек жағымды эмоциялар сыйлап, спорттағы және өмірдегі жаңа жетістіктерге бастама бола берсін! – деген аудан әкімінің орынбасары марафоншыларға сәттілік тіледі.
«Жеңіс» алаңынан бастау алған марафон қатысушылары М.Әуезов, Қ.А.Яссауи, Амангелді және Қожанов көшелері арқылы 4 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтіп, көпшілікке үлгі көрсетті.
Ерекше айта кететін жайт, аталмыш шараның ең жас қатысушысы 18 жаста болса, ең қарт қатысушының жасы 70-те. Одан бөлек, 40-қа тарта тәртіп сақшысы бар.
Жалпы, мыңға жуық тұрғын қатысқан марафон соңында бірінші болып мәре сызығын кескен жеңімпаздар мен белсенді қатысқандар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдары мен медальдарына, бағалы сыйлықтарына ие болды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements