«Сауран» балабақшасы өрлеудің жаңа кезеңіне аяқ басты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Сауран» балабақшасы өрлеудің жаңа кезеңіне аяқ басты

38

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастыруда. Атап айтар болсақ, олар: жеңілдетілген қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл «Даму» Қоры ауқымды шараларды атқаруда. Бұл ретте кәсіпкерлерге таныс қолдау құралдары сақталды, алайда олардың ішкі құрылымы сапалы өзгертіліп, жұмыстың тиімдірек әрі жылдамырақ болуына бағытталды.

«Даму» Қоры қолдаудың нарықтық емес тетіктерінен біртіндеп неғұрлым орнықты әрі ұзақмерзімді шараларға көшуді жүзеге асыруда.
Айталық, 2025 жылдың маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиімді балама ретінде қарастырылып, кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама шарттары кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Мәселен, несие мерзімі 10 жылға дейін, бекітілген пайыздық мөлшерлеме — 12,6 пайыз. Шымкент қаласында осы бағдарлама аясында 2025 жылдың 4 айының ішінде жалпы несие сомасы 24,6 млрд теңгені құрайтын 38 жоба мақұлданып, қолдау тапты.
Жыл басынан бері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялау құралы арқылы да белсенді жұмыс істеуде. Осы ауқымды мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар кәсіпкерлік жобалар табысты жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Сауран» балабақшасы.
«Сауран» балабақшасы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын заманауи мектепке дейінгі мекеме болып табылады. 2023 жылы 75 орынмен ашылған бұл балабақша Тұран шағын ауданында орналасқан. Бұл ауданда мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін басқа балабақша болмағандықтан, сұраныс жоғары болды. Осыған байланысты, балабақша басшылығы мекемені кеңейту жөнінде шешім қабылдап, қосымша ғимарат салу жобасын қолға алды. Жоба аясында балабақша 220 орынға дейін кеңейіп, бүгінгі таңда толық қуатта жұмыс істеп тұр. Мұнда қазіргі таңда 220 бала тәрбиеленіп жатыр.
Балабақша қазақ және орыс тілдерінде білім беруді қамтамасыз етіп, балалардың физикалық, зияткерлік және шығармашылық дамуына баса назар аударады. Мұнда логопед, хореограф, каратэ жаттықтырушысы және өз саласында тәжірибелі өзге де мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ спорттық үйірмелер де белсенді жүргізіледі.
2025 жылы «Сауран» балабақшасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Шымкент қаласындағы филиалына жүгініп, кеңес алып, «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы жеңілдетілген несиеге өтініш білдірген болатын. . Бұл жобаның жалпы құны – 240 млн теңге болды. Өтініш мақұлданып, жоба «Өрлеу» бағдарламасы аясында 12,6 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Гарантиялық қор-1» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының кепілдігі берілді. Бұл қолдау балабақшаға жаңа ғимарат салуға және қажетті құрал-жабдықтарды толықтай сатып алуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, бұған дейін де бұл кәсіпкерлік жоба «Даму» қорынан қолдау алған. Алғашқы кезеңде берілген қаражат балабақшаның бірінші ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған болатын. Ал қазіргі екінші несие ауқымды кеңею жобасын жүзеге асыруға негіз болып отыр. Жоба аясында балабақша жаңа деңгейге көтеріліп, 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, балабақша мемлекеттік бағдарламалар аясында жан басына қаржыландыру жүйесіне де енген. Несие мерзімі 84 айды құрайды.

Advertisements