«QMP Qazmedpribor» компаниясы өнім түрлерін көбейтпек ниетте - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«QMP Qazmedpribor» компаниясы өнім түрлерін көбейтпек ниетте

33

Елімізде шағын және орта бизнес секторын қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүйелі әрі тиімді шаралар жүзеге асырылуда. Осының айқын дәлелі ретінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы) кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы мемлекеттік қолдау көрсетуді тұрақты түрде жалғастырып келе жатқанын айтуға болады. Атап айтар болсақ, олар: жеңілдетілген қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау.

2025 жылы «Даму» Қоры ауқымды трансформациядан өтіп, қолдау механизмдерін жетілдіріп, кәсіпкерлерге қолжетімді әрі тиімді қызмет көрсетуге бағытталған жаңа тәсілдерді енгізді.
Солардың бірі – ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге қаржыландыруды тез әрі қолайлы алу мүмкіндігін ұсынатын тиімді құрал. Бағдарламаның басты артықшылығы — пайыздық мөлшерлеменің тұрақты түрде 12,6 пайыз деңгейінде белгіленуі және несие мерзімінің 10 жылға дейін берілуі. Бұл шара субсидиялау құралына балама ретінде қаржыландырудың жылдамдығы мен қарапайымдылығын қамтамасыз етеді. Шымкент қаласында осы бағдарлама аясында 2025 жылдың 4 айында жалпы сомасы 24,6 млрд теңгені құрайтын 38 жоба қолдау тапты.
Аталған бағдарламаның арқасында кәсіпкерлер өз жобаларын дамытуға қажетті қаржыны кешіктірмей алу мүмкіндігіне ие болды. Қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің өндіріс пен қызмет саласында инновациялық және бәсекеге қабілетті жобаларын іске асыруға жағдай жасайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы құны 7 млрд теңгеге дейінгі және одан жоғары жобалар үшін екі Кепілдік Қоры құрылып, кәсіпкерлерге кепілдік қамтамасыз етудегі кедергілерді жоюға мүмкіндік берілді. Тарқатыңқырап айтар болсақ, егер кәсіпкерде кепілдік жеткіліксіз болса, «Даму» Қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға кепілдік портфельдік кепілдендіру механизмі арқылы небәрі 2 жұмыс күні ішінде кепілдік береді. Бұл кепілдік несие, лизинг және шарттық міндеттемелерге қатысты қолданылып, несие сомасының 85 пайызына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын көлемде қамтамасыз етіледі.
Шымкент қаласында 2025 жылдың 9 айында кепілдік беру бағыты бойынша жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрайтын 90 жоба қолдау тапты. Оның ішінде 1-ші Кепілдік Қоры аясында 5,9 млрд теңге сомасына 52 жоба мақұлданды. Бұл көрсеткіштер кепілдік механизмінің кәсіпкерлік белсенділікті арттырудағы маңызды рөлін айқын көрсетеді.
«Даму» Қоры субсидиялау құралдары арқылы биылғы жыл басынан бері Шымкентте субсидиялау тетігімен жалпы несие портфелі 26,7 млрд теңгені құрайтын 154 жаңа жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Даму» Қорының қолдауымен шымшаһарда 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 11,7 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 359,7 млрд теңге салық төледі. Бұл көрсеткіштер өңірлік экономика мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етуде. Мемлекеттік қолдау арқылы кәсіпкерлердің тұрақты дамуы аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Шымкент қаласындағы кәсіпкерліктің табысты үлгісі ретінде «QMP Qazmedpribor» ЖШС-ін айтуға болады. 2012 жылы құрылған компания медициналық жабдықтар мен жиһаз өндіру және жеткізу саласында сенімді серіктес ретінде танылды. Оның қызметінің негізгі бағыттары — хирургиялық және ортопедиялық құрал-жабдықтар шығару, диагностикалық жабдықтар мен медициналық жиһаз жеткізу, сондай-ақ жедел жәрдем көліктерін ұсыну. Компанияның өнім ассортиментінде дефибрилляторлар, стерилизаторлар, пульсоксиметрлер, массаж үстелдері және басқа да 30-дан астам медициналық жабдық түрі бар. Барлық өнімдер халықаралық сапа стандарттарына сай және қатаң бақылаудан өтеді.
Осы жылдың тамыз айында «QMP Qazmedpribor» компаниясы «Даму» Қорының «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан несие алып, қаржыландыруды тиімді және қолжетімді шарттарда жүзеге асырды. Соңғы пайыздық мөлшерлеме 12,6 пайыз деңгейінде бекітілген бұл қаржыландыру компанияның өндірістік қуатын арттыруға және жаңа өнімдерді іске қосуға мүмкіндік берді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік саласы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. «Өрлеу» бағдарламасы, кепілдік беру және субсидиялау құралдары кәсіпкерлерге қаржыландыруды тиімді, жылдам және қолжетімді ету арқылы бизнестің дамуына тың серпін береді. Ал, «QMP Qazmedpribor» сияқты компаниялардың табысты тәжірибелері мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерін көрсетіп, өңірлік және ұлттық экономика үшін маңызды үлес болып табылады

Advertisements