Шымкент әкімі өндіріс орындарының жұмысымен танысты
Қала әкімі аралау барысында Тұран шағынауданында жаңа қоғамдық орынды абаттандыруға арналған инвестициялық жобамен танысты.
Саябақ аумағы-2,7 гектар, ал көгалдандыру аймағы-17 500 шаршы метр. Мұнда балалар, спорт және воркаут алаңдары салынады.
Сондай-ақ велосипед және жүгіру жолын салу, жасыл желек отырғызу жоспарланған. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысына қала басшысы тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасауды тапсырды.
Әрі қарай «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан бірқатар кәсіпорындарды аралады. Алдымен энтомофаг-биоагенттер өсіріп, сұйық органо-минералды тыңайтқыш өндірумен айналысатын «World Agro Trade» ЖШС-нің биозертханасына барды. Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып, 60-тан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар жоғары және төмен кернеулі электр қозғалтқыштарына арналған орам мен трансформатор катушкаларын шығарумен айналысатын «КазЭлМаш» ЖШС өндіріс цехтарын аралады. Жасушалы арматураланбаған газобетон өндіретін «Tectum Engineering» ЖШС зауытында да болды. Компания басшылығы шығарылатын өнім мен өндірісті кеңейту жоспарлары туралы ақпарат берді.
Бұдан бөлек, Еңбекші ауданында «Нормұхамедов» жеке кәсіпкерлігінің ара шаруашылығында барды. Тексеру барысында шаруашылық басшылығы омарта жұмысын ұйымдастыру, процестерді автоматтандыру және селекциялық жұмыстар туралы ақпарат берді. Қала әкімі жауапты тұлғаларға өнімді өткізу мен экспорттау, сондай-ақ асыл тұқымды ара шаруашылығын дамытуға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар Базарқақпа тұрғын алабындағы заңсыз құрылыстарға қатысты тұрғындар өтінішіне және Түркістан шағынауданындағы Сман Азимов пен Ақтас көшелерін жөндеу мәселесіне назар аударды. Жауапты тұлғаларға нысандардың заңдылығын тексеруді және көрсетілген көшелердегі жол жабынын ретке келтіруді тапсырды.