Шымкент: Жүргізуші куәлігін заңсыз бергендер ұсталды

Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олар ақшалай сыйақы үшін жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеп келген.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2023-2024 жылдар аралығында “Азаматтарға арналған үкімет“ КЕАҚ № 2 Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ж.Р. Мурашимовты қоса алғанда, лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Олар өз клиенттерін міндетті емтихандардан өткізбей-ақ, жүргізуші куәлігін алып беріп отырған.
“Қызмет“ құны 150–ден 400 мың теңгені құраған. Нәтижесінде, кем дегенде 500 адам белгіленген рәсімдерді айналып өтіп, куәліктердің иегерлері болған.
Іс аясында күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Оның мөлшері 200 миллион теңгеден асады. Тәркіленген заттардың тізімінде: екі жеке үй, екі пәтер, екі жер учаскесі және 10 автокөлік бар.
Соттың санкциясымен істің 12 қатысушысы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚІЖК-нің 201–бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Статистика бойынша, Шымкенттегі ЖКО саны 2022 жылғы 398 жағдайдан 2024 жылы 878 жағдайға дейін ұлғайды.