Шымкентте 4 мыңнан астам жиһаз өнімін шығаруға қауқарлы зауыт бар
Шымкент қаласындағы “Тассай” индустриалды аймағында орналасқан “Alem Luxury” жиһаз зауыты бүгінде отандық нарықта заманауи әрі сапалы үй жиһаздарын шығаратын беделді брендке айналып отыр.
500 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, іске қосылған бұл өндіріс орны жылына 4 мыңнан астам жиһаз өнімін шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда кәсіпорын 30-ға жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Зауытта шығарылатын жиһаз өнімдері жоғары сапалы, экологиялық таза материалдардан жасалады. Әрбір өнім заманауи дизайнмен, тұтынушылардың сұранысы мен талғамына толық сай етіп әзірленеді. Мұнда жатын бөлме, қонақ бөлме, ас үй және кеңсе жиһаздарының түрлі үлгілері ұсынылады.
“Аlem Luxury” компаниясы отандық өндірісті дамыту, сондай-ақ импортты алмастыру арқылы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында табысты жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс ауқымын кеңейтіп, экспорттық бағытта да жұмыс істеуді жоспарлап отыр.