Түркістан облысының медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Түркістан облысында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған денсаулық сақтау саласының ардагерлері, үздік дәрігерлер мен мейірбикелер, түрлі медицина мекемелерінің өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ақ желеңді абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қосып жүрген мамандарға ерекше алғыс білдірді. Үздік дәрігерлерді марапаттады.
Салтанатты жиында сала үздіктері «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те дәрігерлерді мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Соңғы жылдары Түркістан облысында медицина саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылы ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 55 жаңа медициналық нысан салынды. Оның ішінде 49 мекеме – «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынса, 2 мекеме дайын ғимаратты сатып алу арқылы жүзеге асты. 1 нысан – жеке инвестиция есебінен, 3 нысан жергілікті бюджет есебінен ашылды.
Сонымен қатар тозығы жеткен 4 аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда тағы 4 аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 2 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі жобалар қатарына енді.
Медицина саласындағы білім мен тәжірибені арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 20 дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург қаласында біліктілік арттыру курсынан өтті. Шетелдік мамандарды тарту арқылы 75 медицина қызметкері халықаралық деңгейде білім алды. Қосымша 200 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 190 орта буын медицина қызметкерін оқыту жоспарланған.
Бұл игі істер – ақ халатты мамандардың заманауи әрі қолайлы жағдайда еңбек етуіне, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуіне жол ашатын нақты қадам.
Салтанатты жиын барысында медицина саласында ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табыс етілді. Сондай-ақ «Үздік медицина қызметкері» байқауының жеңімпаздары да лайықты марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі