
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай – 70 жастан асқан шымкенттік зейнеткерлерге 3 АЕК мөлшерінде бір реттік көмек беріледі. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұдан бөлек 80 жастан асқан жалғызілікті қарияларға айына – 2 АЕК көлемінде қосымша төлем төленеді.
«Биылдан бастап алғаш рет қала әкімінің бастамасымен 38 733 ардагер мен зейнеткерге мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы төлем берілді»,-деді Сәрсен Құранбек.
Оның ішінде:
– 38 619 адамға бір реттік төлем;
– 114 адамға ай сайынғы төлем берілді.
Осы күнге дейін іске асырылған ай сайынғы және бір реттік төлемдерге жеке тоқталып өтсек:
– 80 жастан асқан жалғызілікті 119 қарттарға ай сайын 2 АЕК-тен (7864 теңгеден) төленуде.
– 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ҰОС қатысушысына 2 адамға 1272 АЕК-тен (5 001 504 теңгеден) теңге әлеуметтік көмек берілді.
– 9 мамыр – ҰОС жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін марапатталған 1 536 адамға 15 АЕК-тен (58 980 теңгеден) әлеуметтік көмек көрсетілді.
– 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы кезеңінде ауыр жарақат алып, салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар 68 адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына 15 АЕК-тен (58 980 теңгеден);
– «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне» мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiн құрбандарына, саяси қуғын-сүргiннен зардап шеккен 1040 адамға 5 АЕК-тен (19 660 теңгеден);
Сонымен қатар, «1 қазан – Қарттар күніне» орай 70-жасқа толған және асқан 35 973 қартқа 3 АЕК-тен (11 796 теңгеден) әлеуметтік көмек қаралып, төленді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 70 жастан асқан барлық қариялар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен еңбек ардагерлері үшін баспасөзге жазылу шығындары өтеледі.
Айта кетейік, қалада бүгінде 99 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың ішінде 1 соғыс ардагері, 2 135 теңестірілген азамат және 1 482 тыл еңбеккері. Сондай-ақ жыл сайын 7 мыңнан астам зейнеткер санаторийлік ем алуға жолдама иеленеді. Бұл мақсатта «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі жұмыс істеп, әр кезекте 120 адамды қабылдай алады.
Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мәдени мекемелер зейнеткерлер мен ардагерлерге бірқатар мәдени нысандарға тегін кіру мүмкіндігін қарастырған.
Театрлар:
Қаламыздың алты бірдей театрында премьералардан басқа кешкі қойылымдарға зейнеткерлер тегін бара алады:
• Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры
• Академиялық өзбек драма театры
• Әзіл-сықақ және сатира театры
• Жастар театры
• Опера және балет театры
• Қуыршақ театры
Цирк:
• Шымкент циркі өз репертуарындағы қойылымдарға зейнеткерлерді тегін қабылдайды.
Музейлер:
2025 жылдың соңына дейін төмендегі музейлерге зейнеткерлер мен ардагерлерге кіру тегін:
• Шымкент қалалық музейлер бірлестігі
• Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі
• «Шым қала» тарихи-мәдени кешені
• «Ерлік музейі» бөлімі
• «Сайрам музейі» бөлімі
• «Хакім Абай музейі» бөлімі
Мәдени орталықтар:
• Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы зейнеткерлерге арналған барлық іс-шараларға тегін қатысу мүмкіндігін ұсынады.
Қаламыздың кез келген зейнеткері осы жеңілдіктерді пайдалану үшін өзімен бірге зейнеткерлік куәлігін ала келуі тиіс.
Бұл игі бастама — зейнеткерлердің қаланың мәдени өміріне белсенді араласуына сондай-ақ рухани демалуына мол мүмкіндік береді.












