Шымкент: Еңбекші ауданын электр қуатымен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Еңбекші ауданын электр қуатымен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрады

33

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек Орталық коммуникациялар алаңында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына қатысты баяндама жасады.

Оның айтуынша, бүгінде аудан аумағы 22 мың гектарға жетіп, халық саны 228 мыңнан асып отыр. Мұнда қазір 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар.
Әкімнің сөзінше, соңғы жылдары аудан тұрғындарын сапалы инфрақұрылыммен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Қазір халықтың 97 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Жастар көшесі мен «Қазығұрт» стансасы аумағын қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, келесі жылғы жұмыс жоспарына енгізілген. Электр қуатымен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп отыр. Бірқатар елді мекендегі жекеменшік желілерді мемлекеттік жүйеге өткізу мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
Досбол Есілбектің айтуынша, аудан халқының 97 пайызы табиғи газға қосылған. Қаратөбе мен Оңтүстік шағынаудандарында құрылыс толық аяқталса, Жалын, Жұлдыз және Қарабастау тұрғын алаптарында абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесімен қамту деңгейі әзірге 41 пайызды құрайды. Ұлағат пен Жұлдыз шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталса, Базарқақпа тұрғын алабындағы көпқабатты үйлерге кәріз жүйесін тарту басталыпты. Сонымен қатар, қосымша көшелерге инженерлік желілер жүргізу үшін жобалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Әкім жол құрылысына да тоқталып, бүгінде аудан аумағындағы көше-жол желісінің ұзындығы 730 шақырымнан асатынын атап өтті. Соңғы жылдары ондаған көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, биылға жоспарланған 70-тен астам көшенің 90 пайызы ретке келтірілген. Аяқжолдар салу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп, 2025 жылы 13,2 шақырым жаңа аяқжол пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ирригациялық арықтар орнату арқылы су басу қаупін азайтуға бағытталған шаралар іске асуда.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 47 аула мен 17 мекенжайда балалар ойын алаңшалары орнатылды. Аудандағы спорт нысандарының саны да артып, 2025 жылы 9 жаңа ашық спорт алаңы салынды.

Advertisements