«Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Ақыншаев Еркін Бақытбекұлы: «Шымкентте 2-10-20 және 5-10-20 бағдарламалары бойынша тұрғын үйлер салынып жатыр» - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Ақыншаев Еркін Бақытбекұлы: «Шымкентте 2-10-20 және 5-10-20 бағдарламалары бойынша тұрғын үйлер салынып жатыр»

33

Былтырдан бастап тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою міндетінің мемлекеттен «Отбасы банкке» берілгені белгілі. Осы жаңа өзгерістердің қалай жүзеге асып жатқанын және тұрғындарға қандай мүмкіндіктер ашылғанын білу мақсатында «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Ақыншаев Еркін Бақытбекұлымен сұхбаттасқан едік.

– Еркін Бақытбекұлы, 2024 жылдан бастап тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою мемлекеттен «Отбасы банкке» тапсырылды деп естідік. Бұл қалай жүзеге асып жатыр?
-Иә, дұрыс айтасыз. 2024 жылдың мамырынан бастап Шымкент қаласында тұрғындардың тұрғын үй кезегін «Отбасы банк» басқаруға алды. Қазіргі кезде «Өркен отбасы банк кз» деген сайт ашылды, сол арқылы 18 жастан асқан, соңғы 3 жыл Шымкентте тұрған, әрі соңғы 5 жылда атында үй болмаған азаматтар кезекке тұра алады. Бұл жалпы кезекке тұрудың негізгі шарттары. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, соғыс ардагерлері және апатты үйлерде тұратындар өздеріне қатысты құжаттарды тапсыруы қажет.

-Қазір Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде қанша адам бар?
– Бүгінде Шымкентте 87 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Біз тұрғындарды тұрғын үй кезегіне тіркеу және алуды өз міндетімізге алған кезде бұл сан 50 мыңнан асқан болатын. 18 жастан асқан барлық азаматтарды кезекке тіркеу басталғаннан кейін тізім өте тез көбейді. Оның ішінде 14 мыңға жуық адам көпбалалы, І және ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек баланы асыраушылар.

– Субсидияландыру мен арендалық пәтерлер бағдарламасы қалай жұмыс істейді?
– Біз келешекте осы санаттағы азаматтарға үш бағытта жұмыс жасаймыз. Жалпы аталмыш бағдарлама 2022 жылдан бері іске қосылған. Субсидия алудың негізгі шарты – отбасының табысы әр мүшесіне шаққанда айлық күнкөріс көрсеткішінен аспауы керек. Биыл ол 46 мың теңге. Бұл отбасының күнкөріс деңгейін анықтау үшін есептеледі. Көп жағдайда субсидия алушылардың табысы аз немесе мүлдем жоқ болады. Сонымен қатар, жалдамалы үйлердің 70 пайызы осы санаттағы азаматтарға беріледі, қалған бөлігі ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға және басқа да топтарға бөлінеді.

– Тұрғындарға кезектің келуі қалай хабарланады?
– Біз кезегі келген азаматтарға egov.kz порталы арқылы хабарламалар жібереміз. Қазіргі кезде бұл маңызды мәселе, өйткені көптеген азаматтар телефон нөмірлерін ауыстырып, оны деректер базасында жаңартуды ұмытып кетеді. Нәтижесінде хабарлама келмей қалады. Сондықтан тұрғындардан өз мәліметтерін үнемі жаңартып отыруын сұраймыз. Егер кезегі келген адам хабарламаны алып, құжаттарын қайта қарап шығуға «Ия» деп келіссе, біз тексеру жұмыстарын бастаймыз.

– Кезекке тұрған адамдардың әлеуметтік жағдайын қалай тексересіздер?
– Мысалы, кейбір адамдар 2013 жылы кезекке тұрған, бірақ кейін үй сатып алған болуы мүмкін. Сондықтан құжаттарын мұқият тексереміз. Біздің міндетіміз – тұрғындарды кезекке қою, кезекте тұрғанын немесе тұрмағанын анықтау, талапқа сай келуін тексеру.

-Қалада қандай тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда?
– Қазір Шымкентте 2-10-20 және 5-10-20 бағдарламалары бойынша тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұл «Бозарық» және «Ақжайық» шағынаудандарында жүзеге асуда. Сонымен қатар арендалық үйлер мен «Қамқор» бағдарламалары, «Наурыз» бағдарламасы бар. «Наурыз» бағдарламасы арқылы жылына шамамен 700 отбасы баспаналы болады.

– «Наурыз» бағдарламасына қалай қатысуға болады?
– «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін депозит жинау қажет. Қатысушылар балдық көрсеткіш бойынша іріктеледі. Осал топтарға 7 пайыз жеңілдікпен несие беріледі, ал басқа қатысушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 9 пайыз. Несие сомасы 30 миллион теңгеге дейін. Қатысушылар өздеріне ұнаған тұрғын үй кешенін таңдай алады. Егер мақұлдама 30 млн теңгеге берілсе, үйді өздері таңдайды.

– Қазіргі уақытта «Отбасы банк» қызметтерін пайдалануды оңтайландыру қалай жүргізілуде?
– Қазіргі кезде банк қызметтерінің көп бөлігі онлайн түрде жүргізіледі. Кредитті жабу, шарттарын өзгерту, депозитті толықтыру және басқа да көптеген операциялар онлайн жүзеге асады.

– Биылғы жыл басынан бүгінге дейін қанша адамға несие берілді?
-2025 жылдың басынан бері Шымкентте 3700-ден астам адамға несие берілді. Егер сіз Қазақстан азаматы болсаңыз, банкке жинағыңыз болса, атыңызда үй бар ма, жоқ па маңызды емес, төлем қабілетіңіз болса, еліміздің кез келген жерінен үй алуға мүмкіндік бар. Бұл – «50-де-50» бағдарламасының үлкен жетістігі. Сонымен қатар, «Наурыз жұмыскер бағдарламасы» бойынша 100-ден астам өтініш келіп түсті, оның 70-80 пайызы үй алып үлгерді.

– Осы сұхбатты пайдаланып, тұрғындарға не айтар едіңіз?
-Ең бастысы деректеріңізді үнемі жаңартып, кезекке қажетті құжаттарыңызды уақытылы тапсыру керек. Сонымен бірге, біздің қызметтерді белсенді пайдаланып, тұрғын үй алу мүмкіндіктеріңізді барынша арттырыңыз дегім келеді.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет. Үміттеніп кезегін күткен әр адам баспаналы болсын!

Advertisements