Шымкентте жыл соңына дейін 31 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте жыл соңына дейін 31 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

19

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Шымкент қаласында халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар биыл да жоғары темппен жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысы кеңейіп, қала инфрақұрылымы жаңа көпқабатты үйлермен толығуда.
Құрылыс басқармасының мәліметінше, бүгінде қалада 57 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтердің ішінен жыл соңына дейін 2412 пәтері бар 31 үйдің пайдалануға берілуі жоспарланған.
Қазірдің өзінде 972 пәтерлі 12 үйдің құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Оның ішінде Ақжайық шағынауданында – 5 үй, Бозарық шағынауданында – 7 үй қолданысқа берілді. Қалған 19 үйдің құрылысы да жоспарға сай жүріп, жыл соңына дейін аяқталмақ.
Берілетін баспаналар «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 89 678 адам тіркелген. Олардың ішінде 1 780 – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 17 842 – көпбалалы отбасы, 11 286 – толық емес отбасы.
Қалада жүргізіліп жатқан бұл ауқымды құрылыс жұмыстары тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге үлкен серпін беріп, шаһардың әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші жартыжылдықтағы есеп бойынша қалада 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
Ал, 2024 жылы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 3000 астам азамат жаңа пәтерге ие болды.
Айта кетейік, 2024 жылдың мамырынан бастап Шымкент қаласында тұрғындардың тұрғын үй кезегін «Отбасы банк» басқаруға алды. Қазіргі кезде «Өркен отбасы банк кз» деген сайт ашылды, сол арқылы 18 жастан асқан, соңғы 3 жыл Шымкентте тұрған, әрі соңғы 5 жылда атында үй болмаған азаматтар кезекке тұра алады.

Advertisements