Шымкент: Көп балалы ана грант қаржысына түзету-дамыту орталығын ашты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Көп балалы ана грант қаржысына түзету-дамыту орталығын ашты

17

Шымкент қаласында биыл әлеуметтік осал топтар санатындағы 431 тұрғынға комиссия шешімімен 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант берілді.

Қолдау алған азаматтардың басым бөлігі қаржыны мақсатты жұмсап, бизнес-жобаларын жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – қала тұрғыны, көп балалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол биылғы алғашқы лекте грантқа өтінім беріп, комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 400 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, ерекше балаларды түзету-дамыту орталығын ашты.
2025 жылғы айлық есептік көрсеткішке сәйкес, 400 АЕК 1 572 800 теңгені құрайды. Кәсіп иесі бұл қаржыға ерекше балаларға арналған велосипед-тренажер, электрлі жүру жолағын, батут, татами, орындықтар және логопедиялық құрал-жабдықтар сатып алған. Ал орталыққа арналған ғимаратты өз қаржысы есебінен жалға алып, ісін бастап отыр.
Бүгінде орталықта 5 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін 20 балаға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция және АФК мамандары қызмет көрсетіп жатыр. Айта кетейік, гранттарды бекіту кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, нарықтағы сұранысына және үміткердің сала бойынша тәжірибесіне ерекше мән береді. Сонымен қатар қайтарымсыз грант үй мен жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге, сондай-ақ, акциздік тауарларды өндіруге берілмейді.
Айта кетейік, жалпы 2025 жылы грант беру ІІІ лек бойынша жүргізілді. Алғашқы екі лек бойынша 1756 өтініш қабылданып, комиссия шешімімен 336 адам мақұлданды. Бірінші лекте 134 адам (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), екінші лекте 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Алайда 3 адамның есепшоты бұғатталғандықтан, оларға қаржы аударылған жоқ. Нәтижесінде 333 адам грант иегері атанды. ІІІ лекте 99 адамның бизнес-жоспары мақұлданды. Мемлекеттік гранттар жаңа кәсіпкерлік жобаларды дамытуға, ел экономикасын нығайтуға және жұмыс орындарын құруға үлес қосады деп күтілуде.

Advertisements