ТҮРКІСТАН: Р.СЕИТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

ТҮРКІСТАН: Р.СЕИТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

0
79
Қазақстанның Халық әртісі, профессор, Түркістан қалалық сазды-драма театрының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылған «RAIYMBEK FEST» І Республикалық театр фестивалі мәресіне жетті.
Фестивальге арнайы келген қонақтар мен қазылар алқасының құрамында театр және кино актері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Бақыт Нұрпейіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азат Сейтметов пен Бахыт Сраилов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, профессор Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Балтабай Сейітмамытов сынды өнер майталмандар бар.
Фестиваль барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Мөлдір Оңдасынова ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, біртуар азаматтың өнердегі еңбегіне тоқталды.
Төрт күнге созылған тартысты өнер додасына еліміздің әр өңірінен 11 театр ұжымы бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен «Көрермен көзайымы» номинациясымен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинациясымен Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» театры, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясымен Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясымен А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі, «Үздік әйел рөлі» номинациясымен Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі, «Үздік ер адам рөлі» номинациясымен Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі, «Заманауи тақырыпты игергені үшін» номинациясымен Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры, «Үздік көркемдік шешім» номинациясымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен Жамбыл облыстық орыс драма театры, «Р.Сейтметов атындағы арнайы сыйлық» номинациясымен Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры марапатталды.
Advertisements