Шымкентте есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда

17

2024 жылдың 9 айында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 397 қылмыскер анықталып, олардың басым көпшілігі 21-29 жас (139 адам) және 30-39 жас (131 адам) аралығындағы тұлғалар болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Нашақорлыққа қарсы күрес шеңберінде қала прокуратурасымен атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

«Алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2023 жылы дәл осы уақытта 447 қылмыстық іс тіркелген болатын. Биылғы жылы да есірткімен күрес жұмыстары белсенді жүргізіліп, ҚПК-тің 128-131 баптары бойынша 54 адам қамауға алынған, олардың 5-еуі бұрын сотталғандар.

Марихуана, каннабис және гашиш өңірде есірткі заттарының таралуында басты орын алғанымен, синтетикалық есірткілердің таралуы да күрт өсуде. Бұл қылмыс түріне байланысты қолданушылардың да саны артып келеді. 2024 жылдың өзінде синтетикалық есірткі өндірісімен айналысатын екі зертхана анықталған»,- деді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары – Марат Ержан Маратұлы .

Сонымен қатар, Бас прокуратураның «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында, қала әкімдіктері мен полиция қызметкерлері бірлесіп, есірткі қылмысының алдын алу және есірткі жарнамаларын жою мақсатында арнайы іс-шаралар өткізді. Бұл шаралар аясында 500-ден астам заңсыз жарнамалар жойылған.

Қазіргі таңда есірткі мәселесі қоғамның басты қауіптерінің бірі ретінде қарастырылуда. Бұл мәселенің өзектілігі оның халық денсаулығына және ұлт қауіпсіздігіне тікелей әсер етуімен байланысты. Есірткі заттарын пайдалану халықтың генетикалық қорын әлсіретіп, ұлттың болашағына үлкен қауіп төндіреді.

Есірткі бизнесі ұлттық және аумақтық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін, себебі оның белгілі бір бөлігі экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға бағытталып келеді. Нашақорлық тек адам денсаулығына зиян келтіріп қоймай, қоғамның тұрақтылығын бұзады, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді. Оған еліміздегі «Қаңтар оқиғасы» мен Украинадағы «Майдан» оқиғалары нақты дәлел бола алады деді, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары – Марат Ержан Маратұлы.

Мемлекет басшысы бұл мәселені жыл сайын көтеріп отырады, себебі кейбір адамдар есірткіні бизнес ретінде қарастырса, өзгелері оны ұлттың тәуелсіздігіне қауіп төндіретін құрал ретінде пайдаланады. Осыған байланысты биылғы жылы қылмыстық қудалау органдары мен уәкілетті мекемелердің есірткімен күрес жұмыстары күшейтілді.

Қала прокуратурасы есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау бойынша арнайы топ құрды. 2023 жылы құқық қорғау органдарының тарапынан Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптары бұзылып, 8 іс тоқтатылса, биыл мұндай бұзушылықтарға жол берілмеді.

Айта кетейік, 2023 жылы елімізде 41 есірткі зертханасы жойылды. Олар Қостанай, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ БҚО және Қарағанды мен Павлодар аймақтарында. 2023 жылдың 9 айда ішкі істер органдары 6300-ге жуық есірткі құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан 33 тонна есірткіні тәркілеген. Ал оның таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3 100-ден астам интернет ресурсы бұғатталған.

Advertisements