Шымкент әкімі білім беру нысандарын аралады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент әкімі білім беру нысандарын аралады

12

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірнеше білім беру нысанын аралады.

Алдымен Тұран ауданында орналасқан дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ-лицей-интернатының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарына байланысты оқушылардың бір бөлігі уақытша №35 орта мектепте білім алып жатыр.
Әрі қарай Әл-Фараби ауданындағы О.А. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуді тексерді. Жөндеу жұмыстарына байланысты оқушылардың бір бөлігі уақытша №11 орта мектепке ауыстырылған. Сонымен қатар, 779 бала білім алатын Ақпан Батыр атындағы №10 орта мектепті аралады. Жақын арада мұнда да күрделі жөндеу жұмысы басталады. Жөндеу кезеңінде оқушылар №12 және №14 мектептерге орналастырылады.
Аралау соңында Мукими атындағы №13 орта мектепке барып, №99 мектеп-гимназиясының ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Жауапты тұлғаларға барлығын мұқият бақылап, жұмыстың сапасына назар аудару қажеттігін ескертті. Әсіресе, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде – жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
Құрметті ата-аналар!
Қазіргі таңда бірқатар мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл уақытша қолайсыздық тудыруы мүмкін. Алайда көптеген ғимараттар жылдар бойы жаңартылмағандықтан, күрделі жөндеу қажеттілігі туындады.
Сондай-ақ, қала басшысы «Біз оқу процесінің үздіксіз жалғасуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Уақытша оқу орындары алдын ала дайындалып, білім алу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Біздің басты мақсатымыз – балалардың жайлы әрі қауіпсіз білім алуын қамтамасыз ету», – деді.
Advertisements