Шымкент экологиясын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент экологиясын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар

11

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде.

Бұл шара қаладағы тазалық пен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ұйымдастырылды. Акция басталғалы бері 317 мыңға жуық адам, 2301 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 687 әлеуметтік мекеме қатысып, 10 145 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 24 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.
Қала аумағында күн сайын 2000-нан аса жұмысшы, 150 арнайы техника тазалық жұмыстарына атсалысуда. Жергілікті тұрғындар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық белсенділер мен еріктілер де бұл бастаманы қолдап, белсенділік танытуда. Сонымен қатар, акция аясында 200 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.
Қала тұрғындарының тазалыққа қатысты өтініштері мен шағымдарын қабылдау үшін «TazaQazBot» телеграм платформасы іске қосылды. Бүгінгі күнге дейін 205 өтінім келіп түсіп, олардың 159-ы толық орындалды, 7 өтінім бойынша жұмыстар жүргізілуде, ал 39 өтінім нақты мекенжай көрсетілмеуіне байланысты қараусыз қалдырылды.
2024 жылы «Бадам» өзенінің арнасын түзету және нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын бұл жоба Еңбекші ауданының Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас тұрғын алаптарында, сондай-ақ Абай және Тұран аудандарындағы Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарында жүзеге асырылды.
Тұрғындардың өтініші бойынша Маятас тұрғын алабында демеушілер есебінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір және ойын алаңшасы салынды. Сонымен қатар, Қызылжар тұрғын алабында аспалы көпір пайдалануға берілді.
Алдағы жылы «Бадам» өзенінің ең қауіпті 6,7 шақырымдық учаскесін нығайтуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Сараптаманың оң қорытындысы алынған соң, бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс беріледі.
«Қошқар-ата» өзенінің Жангельдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейінгі жағалауын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Биыл аталған аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Қаладағы ирригациялық жүйелерді ретке келтіру мақсатында Нұртас шағын ауданындағы Кәусар көшесі жанында ирригациялық арық салу және «Ақсай-Қарабастау» каналын күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы анықталып, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар басталады.
Сонымен қатар, «Қызыл Сеңгір» және «Янгибай» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сараптамадан өткен соң, құрылыс жұмыстары басталады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар қаланың тазалығын сақтауға, жасыл аймақтарды көбейтуге және ирригациялық жүйелерді жақсартуға бағытталған. Қала әкімдігі мен қоғам белсенділері бірлесе отырып, Шымкентті экологиялық таза, жасыл қалаға айналдыру жолында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Advertisements