
Шымкент қаласында әлеуметтік санаттағы тұрғындарды қолдау мақсатында 333 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (1,57 млн теңгеге дейін) қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
2025 жылдың екі лек бойынша өткізілген конкурсқа барлығы 1756 өтініш түсті. Оның ішінде 336 үміткердің жобасы мақұлданып, 333-іне қаржы аударылды. Екі адамның есепшоттары бұғатталуына байланысты гранттан бас тартылды.
Бірінші лекте 134 адам (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), екінші лекте 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті.
Грант иегерлерінің қатарында көп балалы отбасылар – 192, мүгедектігі бар азаматтар – 51, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 9 адам бар.
Жобалар негізінен қызмет көрсету (151), өндіріс (53), кондитерлік және нан өнімдері (37), тігін (35), жартылай дайын өнімдер (24), мал және құс шаруашылығы (12), жиһаз өндірісі (4), сондай-ақ фаст-фуд, ыстық тағам, кофе сияқты басқа бағыттар (17) бойынша іске асырылуда.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың жеке кәсіп ашуына, табысын арттыруына және жаңа жұмыс орындарын құруына жол ашпақ. Қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуын Еңбек мобильділігі орталығы жанынан құрылған мониторинг тобы қадағалайды. Қайтарымсыз грант алған азаматтар өздері қорғаған бизнес-жобаға сай жұмыс істеуі тиіс. Жобада көрсетілген тауарлар мен құрал-жабдықтарды ғана сатып алуға рұқсат. Барлық сатып алынған дүниелердің түбіртегі фискальді QR-код арқылы тексеріледі. Осылайша қаржының мақсатты жұмсалғаны немесе заң бұзушылықтар анықталады. Мақсатсыз пайдаланылған жағдайда қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс.
Бұл бастама – әлеуметтік санаттағы азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп қана қоймай, Шымкенттегі кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек.












