Президент Түркістанда бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды.
«70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді.
Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын.
Жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі.
Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек»
«Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер.
Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ.
Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр.
Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды.
Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр».
«Референдумға жұртшылық өте белсенді қатысты, бұл да қуанарлық жағдай. Осы сайлау науқаны ырысты ынтымағымызды паш етті. Бұл да өте маңызды үдеріс. Өйткені біз азаматтарымыздың отаншылдық рухын айқын сезіндік.
Түркістан жұртшылығы әрдайым елдік істен сырт қалмай, жүргізіліп жатқан реформаларды жаппай қолдап келеді. Бұл жолы да сіздер ауызбіршіліктің озық үлгісін айқын көрсеттіңіздер.
Түркістан референдумда Ата заңды қолдаған ең белсенді облыстардың қатарында тұр. Дауыс берген жұртшылықтың 92,21 пайызы жаңа Конституцияны қолдады.
Баршаңызға рақмет! Киелі Түркістанда мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін».












