Шымкентте қазақтың үш бәйтерегінің 130 жылдығына арналған жиын өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте қазақтың үш бәйтерегінің 130 жылдығына арналған жиын өтті

25

Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі атанған ұлы тұлғалар – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің шығармалары М.Әуезов атындағы ОҚУ кеңінен насихатталды. Студенттер шоқтығы биік туындыларды сахналаса, университеттің профессор-ғалымдары тың ақпараттармен бөлісті. Ақын, жазушы, қоғам қайраткерлері болған арыстай азаматтардың туылғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиынға 200 ге жуық жас қатысты.
«Үш бәйтерек» атауымен өткен жиынның мақсаты жастардың саяси ой-өрісін қалыптастыру. Өрлеу жолында жүрген ізденуші жастар ата – бабамыздың қандай болғанын, кең байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты аңсап, тегіміздің мызғымас мықты екенін білуі қажет. Бүгінгі жиын арқылы қатысушылар осы дүниелерді түсінді.
– Тарихтың өткен парақтарында «Қазақ» деп, «Халқым» деп, «Алашым» деп жүрегі үзілгенше соққан абзал жандар, өлшеусіз құнды байлығымыз – тәуелсіздікті мирас етіп қалдырып кеткен Алаш ұлдарының өзі – тарих пен әдебиеттің бір шыңы. Олардың әрқайсысы туралы сөз қозғап, сыр шертер болсақ, ғұмырлық уақыт жетпейтін шығар. Үшеуі де 1894 жылы қатар дүние есігін ашып, үшеуі де 1938-дің зұлмат жылдарында қандыгөз саясаттың құрбандары болған екен. Үшеуінің де аңсаған арманы, мақсат-мұраты бір болған дей аламын. Сөз өнері, проза, поэзия, драма жазу өнерлерінен алдына жан салмаған алаштың үш ұлы заманның қатыгездігіне қасқая қарсы тұрып, шындықты бүкпелемей, бетіне тіке қараған қайсарлықтарымен де ұқсас,-деді М.Әуезов атындағы ОҚУ ректор-міндетін уақытша атқарушы Ғани Бесбаев.
Үш бәйтеректің әрқайсысы бірегей, ерекше. Бірінің «тар жол, тайғақ кеше» жүріп, сұлулыққа жаны құмар жан екені «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы», «Көкшетау» шығармаларынан көрініс тапты. Жүріс-тұрысы, киім киісі де өзгеше, сұлу, өзгелерден оқшауланып тұратын, көз тартар келбетіне қарап, «Сәкеннің сәнін берсін» деп шыққан тілек қазір кеңінен танымал. Рухани кешке жиналған білімгерлер мен қонақтар дәл осы шығармалардың барлығын сахнадан тамашалады.

Advertisements