«Қазақ барысы-2024»: Шымкенттік Е.Мұзаппаров – екінші орыннан көрінді
Қазақ күресінен “Қазақстан барысы” республикалық турнирінің күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаровты Шымкент әуежайынан спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен күтіп алды. Салтанатты күтіп алу іс-шарасында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытжан Жақсықұлов жерлесімізді жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
Ерсұлтан Мұзаппаров республикалық бәсекеде бірнеше рет бақ сынады. Биылғы турнирде финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Финалда өзінен салмағы ауыр Ерасыл Қажыбаевқа (Абай облысы) есе жіберіп алды. Осылайша Шымкент қаласының балуандары “Қазақстан барысы” республикалық турнирінде алғаш рет жүлдегер атанып отыр.
Е.Мұзаппаров іс-шарада қолдау көрсеткен баршаға алғысын жеткізіп, одан әрі де тыңғылықты дайындалатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы “Барыс Арена” спорт кешенінде қазақ күресінен ХІІІ республикалық “Қазақстан барысы” турнирі өткен болатын.
Турнирдің ақтық сынында Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қаласы) пен Ерасыл Қажыбаев (Абай облысы) белдесті. Ал үшінші орын үшін таласта Әділ Оразбаев (Әскер барысы) пен Саят Шамшиев (Абай облысы) шеберлік байқасып, Саят Шәмшиевтың бабы келісіп, бағы жанды. Турнирге облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша іріктеліп алынған еліміздің 42 үздік балуаны қатысты. Олар еліміздің 17 облысы мен Республикалық маңызы бар 3 қала Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары. Турнирге былтырғы жылғы чемпион «Қазақстан Барысы» мен «Әскер Барысы» командасының екі өкілі де қатысты.
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі. Жүлделер келесідей бөлінеді: 1-орын үшін – 15 000 000 теңге, 2-орын үшін – 3 300 000 теңге, 3-орын үшін – 1 080 000 теңге. Әр жеңіске жеткен белдесуі үшін балуан 100 000 теңге алады.