Шетелдік легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды

Мемлекет Басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соның ішінде дене шынықтыру және спорт мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау туралы Заңға қол қойды.
Заң дене шынықтыру мен спортты дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған.
Уәкілетті орган спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбелерін әзірлейді, жоғары жетістіктері бар спорт түрлерінің тізбесін дайындап, оларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайтын болады.
Құжатқа сәйкес басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізілген нәтижелер бойынша бекітілетін болады. Бұл Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері.
Ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінетін спорт федерацияларын аккредиттеу ережелері жетілдірілді.
Бұдан басқа, шетелдік легионерлерді бюджет қаражаты есебінен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынды.
Бұдан былай бюджет қаражаты есебінен төрт бағыт бойынша қаржыландыру жүзеге асырылатын болады: Жоғары жетістікті спорт, оның ішінде спорттың басым түрлері, мемлекеттік дене шынықтыру–спорт ұйымдарының жұмыс істеуі, бұқаралық спорт, спорттық инфрақұрылымды дамыту.
Сонымен қатар, дәстүрлі құндылықтар мен патриоттық тәрбиені күшейту жөніндегі шараларды көздейтін спортшыларды даярлаудың бірыңғай стандарттары әзірленді. “Спорттық дайындықтың ұлттық стандарттары” ұғымы енгізілді. Уәкілетті органға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шаралар қабылдау жөніндегі өкілеттіктер беріледі.