Жазғы демалыс кезінде жаңа пойыздар іске қосылады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Жазғы демалыс кезінде жаңа пойыздар іске қосылады

5

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов туристік және халықаралық бағыттардың дамуына тоқталды. Бүгіннен бастап 7 маусымға дейін Сиянь – Алматы жолаушылар пойызы іске қосылады.

Пойыз Қазақстан Республикасындағы Қытай туризм жылы аясында ұйымдастырылған.
Сонымен қатар Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара бағыты бойынша «Jibek joly» және «Keruen Express» туристік пойыздары іске қосылды. 2024 жылдың қараша айынан бастап бұл пойыздар 5 сапар жасады. Туристік агенттіктердің өтінімдерінің түсуіне қарай бұл пойыз жүруді жалғастырады.
«Ішкі бағыттарға келетін болсақ, осы жылдың 1 наурызынан бастап Балқаш – Алматы пойызы тұрақты негізде жүреді. Қаңтар айынан Мемлекет басшысының Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңа вагондардан құрылған Астана-Бурабай курорты бағыты бойынша жедел электр пойызы іске қосылды. Жол жүру уақыты 2,5 сағатты құрайды. Осыған ұқсас жаңа электр пойызы маусым айынан бастап Қарағанды – Астана бағыты бойынша іске қосылады. Қосымша үшінші электр пойызы қыркүйек айынан бастап Астана-Бурабай курорты бағыты бойынша жүреді. 2024 жылдың 4 тоқсанынан бастап Қарағанды мен Павлодардан Бурабай курортына дейінгі электр пойыздарының маршруттары ұзартылды», – деп атап өтті спикер.
Жылжымалы құрамның жалпы паркінде 2600 вагон бар. Соңғы жылдары жолаушылар вагондарын жаңарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 143 вагон сатып алынды. Соңғы 5 жылда тозу деңгейі 59-дан 42%-ға дейін төмендеді. Ағымдағы жылы сатып алу көлемі 226 бірлікке дейін ұлғайтылады.
Advertisements