
Спорт – тек жарыс емес, ол – тәрбие, табандылық пен ұлт рухын ұлықтайтын арна. Осы жолда жас спортшыларды қолдау мен салауатты өмір салтын насихаттау – Шымкент қаласының басты бағыттарының бірі.
Бұл жайлы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жас таланттармен және олардың бапкерлерімен өткен кездесуде атап өтті.
Кездесу барысында мегаполис басшысы халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жеңісіне тоқталып, оларға алғысын білдірді.
Солардың бірі – Словенияның Копер қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогының екінші кезеңінде ел мерейін асырған Диас Тойшыбек. Ол гимнастикалық ат снарядында шеберлігін танытып, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Бұл байрақты бәсекеге әлемнің 20-дан астам елінен жүзге жуық спортшы қатысқанын ескерсек, бұл – зор жетістік.
Тағы бір мақтаныш – Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жасөспірімдер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында жеңіске жеткен Хамзаальпер Ромашкин. 61 келі салмақта өнер көрсеткен спортшы финалдық белдесуде айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
“Бұл жеңістер – табандылықтың, тынымсыз еңбектің, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің және мызғымас командалық рухтың жарқын жемісі. Қаламыздың абыройын асқақтатқан сіздерге алғысым шексіз”, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Кездесу соңында қала әкімі жас спортшыларға мықты денсаулық пен жаңа биіктерді бағындыруға тілек білдіріп, алдағы уақытта Шымкентте спорттық инфрақұрылымды дамыту, жастардың әлеуетін қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын жеткізді.