Астанада қазақ-француз мектебі бой көтеруде

Қазақстан мен Франция арасындағы жаңа жоба – білім беру саласына бағытталып отыр. Астанада қазақ-француз мектебінің құрылысы салтанатты түрде басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақ-француз мектебі жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон арасында жасалған келісімдер аясында іске асырылуда. Интернаттық үлгіде жұмыс істейтін мектеп француз және қазақстандық білім беру стандарттарына толық сәйкес болмақ.
Салтанатты шараға екі елдің ресми өкілдері – Франция Республикасының сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары жөніндегі министр-делегаті Лоран Сен-Мартен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Іс-шарада болашақ лицейдің жобасы таныстырылып, мектеп кіреберісіне естелік тасбелгі қойылды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл мектепке тек Астана қаласының оқушылары ғана емес, өзге өңірлерден де шәкірттер қабылданады.
Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі жетекші білім ордаларының бірі болатын мектеп 2026 жылы 1 қыркүйекте ашылмақ.