ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРДІ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне орай журналистермен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады.
Шаһар басшысы қоғаммен кері байланыс орнатудағы БАҚ-тың рөліне тоқталып, журналистердің қаланың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
—Билік пен халықтың арасын байланыстырып, біздің назарымыздан тыс қалып жатқан өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына үлес қосып келесіздер. Инвесторлар бір қалаға қаржы салу туралы шешім қабылдайтын кезде ол қала туралы БАҚ-та не жазылып жатқанына қарайды. Журналистер шаһардың оң имиджін қалыптастырса, инвесторлардың да сенімі артады. Биыл Шымкент қаласының экономикасына 721 миллиард инвестиция құйылып жатыр. Демек, ақпараттандыру жұмысын дұрыс жүргізу арқылы Сіздер де қаламыздағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына үлес қосып келесіздер, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, атаулы мерекеде өңіріміздегі бірқатар журналистер Шымкент қаласы әкімінің арнайы номинацияларымен марапатталды.