«Теңізшевройл» компаниясының сапары жаңа серіктестікке жол ашты
Шымкент қаласында мұнай-газ саласында импорт алмастырушы өндіріс орындарының әлеуетін арттыру және өзара тиімді ынтымақтастық орнату мақсатында ұйымдастырылған «Теңізшевройл» ЖШС делегациясының жұмыс сапары өз мәресіне жетті.
Делегация құрамында компания басшылығы, сатып алу және техникалық бөлімдердің мамандары, сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілдері болды. Іс-шараға шамамен 70 жергілікті кәсіпорын қатысты.
Сапардың алғашқы күнінде делегация өкілдері жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін тамашалап, кәсіпкерлермен диалог алаңында пікір алмасты. Келесі күні делегация мүшелері қаланың бірқатар ірі өндіріс орындарында болып, олардың жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, делегация:
Гидравликалық және су асты сорғыларын өндіретін «Karlskrona LC AB»,
25–500 МВА қуаттылығындағы трансформаторлар шығаратын «Asia Trafo»,
Электр құрылғыларын өндіруші «Renaissance SHIK»,
Майлау материалдарын өндіретін «HILL Corporation»,
Мал бордақылау және ет өңдеу ісімен айналысатын “Baiterek Agro”кәсіпорындарында болды.
Сапар аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Шымкент қаласы әкімдігінде өткен ресми кездесу болды. Кездесу барысында бірқатар ынтымақтастық құжаттарына қол қойылды:
Шымкент қаласы әкімдігі мен «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық»қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды;
«HILL Corporation» компаниясы мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында тауар жеткізуге қатысты келісімшарт бекітілді;
Азық-түлік өнімдерін жеткізу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар келесі серіктестер арасында жасалды:
«Барыс-2007»– «Eurasia Support Services»,
«Baiterek Agro»– «Eurasia Support Services»,
«Intermilk Kazakhstan»– «Eurasia Support Services».
Бұл сапар Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін кеңінен таныстыруға, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындар мен халықаралық компаниялар арасындағы тиімді әріптестік байланыстарды дамытуға бағытталған нақты қадам болды.