Шымкент: Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Іс-шараны Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізді. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес келесі басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды:
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Көшекбаев;
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әсет Оңғар;
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова.
Табиғи монополиялар мәселесіне тоқталған Қ.Көшекбаевтың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласы бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің тізілімінде 76 қызмет түрі бойынша 56 субъект тіркелген. Бұдан бөлек, қоғамдық маңызы бар нарықта 1 субъект жұмыс істейді.
Департамент 5 негізгі табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Олар:
«Су құбыры және канализация» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС;
«3-Энергоорталық» АҚ;
«Қуатжылуорталық-3» МКК;
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы.
Аталған субъектілердің барлығы 5 жылдық тарифтер негізінде, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қызмет атқаруда.
Сонымен қатар, отырыс барысында Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының 2025 жылға арналған бюджеті таныстырылды. Жалпы бюджет көлемі 26 049,3 млн теңгені құрайды.
Оның ішінде:
мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларға – 15 175,6 млн теңге;
қаладағы каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту мен су ағынын бақылау – 3 106,6 млн теңге;
күтіп-ұстау жұмыстарына – 217,4 млн теңге;
дендрологиялық саябақты күтіп ұстау – 763,3 млн теңге;
«Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесін күтіп ұстау – 515,6 млн теңге;
қаланың көше және саябақ аумақтарын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына – 4 332,7 млн теңге бағытталмақ.
Отырыстың қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданды.