
«Бал Текстильден» жағымды жаңалық! Шымкенттік кілем фабрикасы биылдан бастап жоғары сападағы, премиум сегментіндегі парсы кілемдеріне пара пар жаңа бұйымдарды тоқып шығаруда. Бұл жетістікке зауыт Белгиядан әкелінген қондырғылардың арқасында қол жеткізіп отыр. Басшылық қондырғылар жоспарға сай жұмыс істесе айына 12 000 шаршы метр, жылына 135 000 шаршы метр кілем тоқып шығарамыз дейді.
Шымкентте кілем тоқитын екі зауыт бар. “Бал Текстиль” – соның бірі. Ол Тәуелсіз Қазақстанда ашылған кілем бұйымдарын өндіретін алғашқы зауыт. Жыл сайын кілем фабрикасы 5 миллион шаршы метрден кілем және кілем бұйымдарын шығарады.
Елдегі жеңіл өнеркәсіптің көшбасшысы бола білген зауыт – бүгінде ішкі нарықты айтпағанда, өз өнімдерін Қытайға, Ресейге, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Өзбекстанға экспорттайды. Кәсіпорын еуропалық нарықтарға да шықты, сонымен қатар Ұлыбританияға өнім жеткізеді.
Шымкентте Иранда өндірілетін парсы кілемдеріне сұраныс жоғары. Осыны ескерген зауыт басшылығы мүмкіндіктерін саралап, енді мұндай кілемдерді өздері тоқып сатуды қолға алып отыр.
«Құрылғылардың санын арттыру мақсатында жылдың басында соңғы үлгідегі, жоғары сапада кілем тоқитын Белгиялық «Вандевил» құрылғысын сатып алдық. Бұл құрылғыда тоқылатын кілемнің 1 шаршы метрінде 3 милионнан жоғары нүкте бар. Өте тығыз, өте ауыр бірақ өрнектері нақты болып тоқылып шығатын кілем Ираннан келетін парсы кілемдерінен кем түспейді»,-дейді зауыт басшылығы.
Айтуларынша, жаңа құрылғы осыдан екі ай бұрын іске қосылған. Бұрынғы станоктарда 2*3 көлемдегі кілемді тоқу үшін 15 минут қажет болса, белгиялық қондырғыда 2 сағатта тоқылады. Себебі бұл кілемдердегі жіптер тығыз орналасады. Жаңа кілем бұйымдары түркиядан әкелінетін жіптерден тоқылады.
«Бір кілемді тоқу үшін 8 түсті жіп қолданылады. Жаңа – сапалы, бәсекеге қабілетті кілемдерімізді тоқу барысында өз зауытымызда өндірілетін өте жіңішке полипропиленді жіптердің 2 түсін қолдансақ, қалғаны Түркиядан арнайы алдыратын жіптер»,-дейді зауыт басшылығы.
Бәсекеге қабілетті өнім шығару кәсіпорынның, саланың дамуына ықпал ететін негізгі фактор. Осыны ескерген зауыт басшылығы үнемі ізденісте жүреді. Ол жаңа идеяларды жүзеге асырып, тың жобаларға серпін беруде. Яғни, нарық «Бал Текстилде» өндірілген деген заттаңбамен әлі талай сапалы әрі жақсы дүниелермен толығатынына сенімдіміз.
Айжан Ермекқызы