Төрт кәсіпті ұршықша иіріп отырған шымкенттік кәсіпкер - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Төрт кәсіпті ұршықша иіріп отырған шымкенттік кәсіпкер

16

Бүгінде бизнеске бет бұрып, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер аз емес. Ал шымкенттік Данияр Әбдікәрім – бір емес, бірнеше кәсіпті игеріп отыр. «VIP SERVISE 17» ЖШС директоры Данияр Әбдікәрім Шымкентте гигиена мен жайлылыққа арналған тауарлардың заманауи экологиялық таза өндірісін дамытуда.

Ерлерге арналған қырыну ұстарасы, иіс сабын , тіс щеткасы мен мөлдір-түссіз отырындықтардың өндірісімен айналысатын Данияр Әнуарұлы өз жобасын 2024 жылы іске қосқан. Әр өндірісі өз алдына бір жоба, бір зауыт.

Кәсіпкердің айтуынша, зауыттың құрылысы 5 жылға созылыпты. Жобаның инвестициялық құны 1200000000 теңгеге жуықтайды. Қаражаттың басым көпшілігі өз ақшасы. Жетпеген керек-жарағына, құрылғыларды сатып алуға «Даму» қонына жүгінген.

Нәтижесінде:
– Өндірістік жабдықтар толықтай орнатылды;
– Шикізат сатып алынды;
– Қызметкерлерді оқыту жүргізілді;
– Өнім дизайны әзірленді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ол басшылық етіп отырған төрт зауыттың да елімізде баламасы жоқ. «Қазақстан түгілі ТМД елдерінен де мұндай зауыт таба алмайсыз» дейді ол.

«Ариана» сабыны

«Сабын өндірісін бастамас бұрын нарықты зерттедім. Елімізде сабын шығаратын зауыт Алматыда ғана бар екен.  Одан бөлек үйінен кәсіп ашып, хош иіс сабынды қолдан жасайтындар да бар.  Біздің зауыттан шығатын сабын табиғи өнім. Таза бамбуктың майынан жасалынады. Оны Малайзиядан алдырамыз»,-дейді кәсіпкер.

Зауытта өндірілетін сабын шикізатының «Халал» зат таңбалық белгісі бар. Патенттелген «Ариана» сабыны –уақыт сынағынан өткен, көптеген тұтынушылардың сенімі мен мойындауына ие болған өнім. Таңдалған ингредиенттер, заманауи өндіріс технологиялары және алма мен құлпынайдың нәзік хош иісі жұмсақ әрі тиімді тазартуды қамтамасыз етеді. 100 г салмағы бар сабын кесегі ұзақ уақыт пайдалануға жеткілікті.
Зауыт жылына 6 млн дана иіс сабын өндіреді. Көтерме саудамен еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіледі. Тәжікстан, Ауғаныстаннан да сұраныс түсіп отыр. Жақын арада сол елдерге жеткізу қарастырылуда.

Тіс щеткасы, ерлерге арналған қырынатын ұстара мен мөлдір орындықтар

«Мұндай өнімдер тек Шымкентте ғана, осы зауытта ғана өндіріледі. Түссіз орындыққа келсек, Қытайда да осындай зауыт бар. Бірақ Қазақстанда орындық та, тіс щеткасын да, қырынатын ұстара да шығаратын басқа кәсіпорын таппайсыз»,-дейді Данияр Әнуарұлы.

Зауыттардың жылдық өндірістік қуаттылығына келсек:


– Тіс щеткасы – 10 млн дана;


– Ерлерге арналған қырынатын ұстара – 3 млн дана;


– Орындық – 180 000 дана.

Жоғарыда аталған зауыттарда өндірілетін қай өнімді алып қарастырсақ та экологиялық таза материалдардан жасалады.

Бүгінде кейіпкеріміздің қол астында 10-нан астам жұмысшы бар. Зауыттар толық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүкіл технологиялық процесс автоматтандырылған. Германия мен Қытайда шығарылған озық техологиямен жабдықталған, қызметкерлер жаңа технологияларды меңгеру үшін арнайы оқытудан өткен.

Данияр отандық өндірісті дамытуды көздейтін және импорттық тауарларды «Қазақстанда жасалған» зат таңбасымен өндірілетін өніммен алмастыруды қолдайды. Сондықтан да болса керек, ол пайдаға емес, сапаға жұмыс істеуде.

Иелігіндегі 4 зауыттың барлығы дерлік 100 пайыз пайда әкелмесе де, сапасы жоғары өнім шығарады. Кәсіпкер мұнымен тоқтамайтынын айтады.

Айжан Ермекқызы

Advertisements