
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласында қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл шаралар аясында жаңа үлгідегі аялдама павильондары орнатылып, шаһардың көлік мәдениетіне серпін беруде.
Бүгінде қала аумағында 2335 аялдама орны тіркелген. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жолаушы тығыз орналасқан, сұранысы жоғары аймақтарда 300 жаңа аялдама павильоны пайдалануға берілді. Олар екі түрлі заманауи үлгіде орнатылуда:
– «Тип 20» – берік металдан жасалған, ұзақ мерзімге жарамды конструкциялар;
– «Тип 22» – шыны материалдардан құрастырылған, эстетикалық талаптарға сай павильондар.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктегі тілдік мәдениетті арттыруға баса назар аударылуда. Қалада аялдамаларға қазақ тілінде атау беру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда 1062 аялдама атауы ресми түрде орнатылды. Бұдан бөлек, 771 аялдамада жолаушыларға арналған ақпараттық тақтайшалармен жабдықтау жұмыстары аяқталды.
Жеке инвесторлар есебінен де бастамалар қолға алынған.
Қазіргі таңда қалада 62 коммерциялық аялдама павильоны салынуда. Дегенмен, аялдамаларға қатысты тұрғындар тарапынан ескерту мен сын-ескертпелер де жоқ емес. Әлеуметтік желілерде “Ақмешіт” аялдамасындағы ақпараттық тақтайшада кеткен қателікке байланысты мәселе көтерілген болатын. Жауапты мекемелер бұл қателікті мойындап, тиісті ескерту жасап, қоғамдық көлік кестесі мен бағыт сызбасына қатысты толықтырулар енгізу бойынша тапсырма берді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, барлық түзету жұмыстарының қолға алынғанын хабарлады. Сондай-ақ, Абай ауданы, Сыпырған ата көшесі бойындағы аялдамада да атау қатесі анықталған. Бұл жерде “Е. Сыпатаев” орнына “Қ. Сыпатаев” деп көрсетілгені белгілі болды. Қазір мердігер ұйымға ресми ескерту беріліп, аялдаманың атауын дұрыстау жөнінде нақты тапсырма жүктелді. Бұл жұмыс 2025 жылдың 1 тамызына дейін толық аяқталады.
Аялдамаларды жаңарту және оларды ақпараттық тұрғыда жабдықтау жұмыстары қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.