Шымкентте болат құбырларын өндіретін зауыт салынады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте болат құбырларын өндіретін зауыт салынады

3

Шымкент қаласында ауқымды инвестициялық жобаны іске асыруға ниет білдірген «Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар Шымкент қаласында түрлі диаметрдегі түзу жіксіз болат құбырларын өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Жобаның жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайды. Жоспарланған өндірістік қуаттылығы – жылына 200 мың тонна құбыр өнімі. Сонымен қатар, шамамен 170 жаңа тұрақты жұмыс орны ашу жоспарлануда. Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін жалпы ауданы 15-18 гектар жер учаскесі қажет.

Шымкент қаласының әкімдігі жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және шетелдік инвесторларға тиісті жағдай жасауға дайын екенін білдірді. Аталған бастама өңірдің индустриялық-инновациялық әлеуетін нығайтып, жаңа технологияларды тартуға және қосымша жұмыс орындарын құруға оң ықпал етпек.

«Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co. Ltd.» компаниясы бүгінде 290 өндірістік желіге иелік етеді және жылына 300 мың тоннаға жуық өнімді Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Таяу Шығыс, Азия мен Африка елдерін қоса алғанда, 100-ден астам мемлекетке экспорттайды.

Tianjin Youfa Steel Pipe Group Co., Ltd.(бұдан әрі – Youfa) компаниясы туралы айта кетсек, 2000 жылдың 1 шілдесінде құрылған және Қытайдың болат құбырларын өндіруші әрі экспорттаушы компаниясының бірі болып табылады. Штаб-пәтері Қытайдың Тяньцзинь қаласында орналасқан. Топқа 6 ірі өндірістік базада орналасқан 13 зауыт кіреді-Тяньцзинь, Таншань, Хандан, Хулудао, Лиян және Ханчэн. Қызметкерлердің жалпы саны 9000 – нан асады.

Youfa ішкі нарықта жетекші орынға ие: 2006 жылдан бастап компания Қытайдағы 500 ірі кәсіпорынның, сондай-ақ Қытайдағы 500 ірі өндірістік компаниялардың тізімінде тұрақтаған. Өзінің аккредиттелген зертханалары, ғылыми-зерттеу орталығы бар және жылуды қалпына келтіру және өндірістік процестерді автоматтандыру жүйелерін қоса алғанда, экологиялық технологияларды енгізеді.
Tianjin Youfa Steel Pipe Group халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда, экспорттық позицияларды нығайтуда және өндірістік және ғылыми-инновациялық мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастыруда.

Advertisements