Шымкенттегі 60-қа жуық әлеуметтік сауда орнында сиыр етінің бағасы тұрақтанды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттегі 60-қа жуық әлеуметтік сауда орнында сиыр етінің бағасы тұрақтанды

4

Соңғы уақытта БАҚ беттерінде сиыр етінің сүйексіз, жұмсақ ет бөлігінің (мякоть) бағасы 5 000 теңгеге дейін өскені жөнінде ақпараттар жарияланды. Бұл мәселе қоғамда алаңдаушылық туғызғаны белгілі. Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан ресми түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, сиыр етінің сүйексіз, жұмсақ ет бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кірмейді. Сондықтан оның бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігі ғана енгізілген.

Жалпы, ет өнімдерінің бағасы тек Шымкент қаласында ғана емес, республика көлемінде де өсіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай бірнеше факторларға байланысты. Соның ішінде, Өзбекстан секілді көршілес елдерден етке сұраныстың артуы салдарынан экспорт көлемі ұлғайған. Сонымен қатар, жем-шөптің қымбаттауы да мал шаруашылығындағы өнімдердің өзіндік құнына әсер етіп, сиыр еті бағасының өсуіне себеп болған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласына еттің негізгі бөлігі Түркістан облысынан, оның ішінде Қарабұлақ елді мекеніндегі мал сою алаңдарынан жеткізіледі. Аталған өңірде сиыр етінің көтерме бағасы (туша) 3 500–3 600 теңге көлемінде босатылуда. Ал қалалық сауда орындарында бөлшек сауда бағасы 3 800–4 000 теңге шамасында белгіленген.
Бағаның негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында қала әкімдігі бірқатар тұрақтандыру шараларын қабылдауда. Атап айтқанда, ірі сауда желілерімен және ет өнімдерін өндіруші шаруа қожалықтармен арнайы келісім-шарттар түзілген. Соның нәтижесінде, Шымкент қаласының 60-қа жуық әлеуметтік сауда орнында сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігін 2 620 теңгеден сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі таңда еттің осы бөлігін төмендетілген бағамен мына сауда орындарынан алуға болады:
• «Магнум» және «Грамад» сауда желілері;
• «Каз Ет» ет павильондары;
• «Бақша» әлеуметтік павильондары;
• «Бәйтерек» шаруа қожалығының ет дүкендері.

Айта кету керек, жыл басынан бері Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген 200-ге жуық кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылған. Олардың ішінде ет өнімдерін сатумен айналысатын 15 кәсіпкер де бар.
Жергілікті билік өкілдері бағаны бақылауда ұстау және тұрғындарға қолжетімді бағада ет өнімдерін ұсыну бағытында жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Advertisements