Шымкенттің шұлықтары шартарапқа тарайды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттің шұлықтары шартарапқа тарайды

4

Шымкент қаласында тағы бір ірі өндірістік жоба жүзеге асты. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Balabi Textile жаңа фабрикасы өз жұмысын бастады. Заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған бұл кәсіпорын қаланың ғана емес, бүкіл өңірдің өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Тоқыма өнеркәсібінің бұрынғы даңқы қайта жанданып, Шымкент еліміздегі шұлық өндірісінің орталығына айналуға бір қадам жақындады десек болады.

Жаңа фабрика толықтай жаңадан салынған және ең соңғы технологиялармен жабдықталған. Мұнда 500 автоматтандырылған тоқыма станогы орнатылған. Бұл станоктардың басты ерекшелігі – барлық процес автоматты түрде орындалады. Әр станок орта есеппен 2 минут ішінде бір шұлықты тоқып шығарады. Жылына 50 миллион жұпқа дейін шұлық өндіруге мүмкіндік беретін бұл қуаттылық Қазақстан ішіндегі сұранысты толық өтеп, шетел нарығына жол ашуға жағдай жасап отыр.

Balabi Textile жобасы мемлекеттік қолдаудың арқасында іске асқан. Айталық, кәсіпорынға 3% жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржы бөлген Өнеркәсіпті дамыту қоры бұл бастамаға үлкен серпін берді. Жалпы инвестиция көлемі 6,5 миллиард теңгені құрады. Бұл қаржы тек ғимарат пен жабдықтауға емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға да бағытталды.
Бүгінде фабрикада 500-ден астам адам еңбек етеді. Мамандардың мәлімдеуінше, өндірістің кеңеюіне байланысты әлі де 200 қызметкер қажет.

Фабрикада ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған шұлықтар шығарылады. Түрлі-түсті, тығыздықтары әртүрлі, дизайн мен пішіні сан алуан өнімдер қатарында классикалық үлгідегі шұлықтар да, спорттық, медициналық және арнайы брендтелген модельдер де бар. Барлық өнім табиғи иірілген жіптен жасалып, синтетикалық қосындылар тек беріктік пен ұзақ тозуға есептеліп қана қосылады.

Balabi Textile компаниясының негізін қалаушысы Асан Балабиевтің жетекшілігімен 10 жыл бұрын құрылған «Алем БТ» кәсіпорны бүгінде экспортқа шығатын сапалы өнім өндірушіге айналған. Бұйыртса, жаңа фабрика сол табысты жалғастыратын болады. Осы мақсатта толық өндірістік циклді қалыптастыра отырып, жергілікті кадрларды оқытып, кәсіби біліктілігін арттыруға баса назар аударуда.

Компанияның болашаққа құрған жоспары өте ауқымды. Мақсат – Қазақстан ішіндегі сапалы өнімге деген сұранысты толық өтеу және халықаралық нарықта бәсекелестікке қабілетті отандық бренд қалыптастыру. Италияға өнім жеткізуде тәжірибесі бар кәсіпорын, енді Ресей, Беларусь сияқты елдермен тұрақты серіктестік орнатуды көздеп отыр. Жалпы мұнда өндірістің 90 пайызы экспортқа бағытталуда. Яғни, кәсіпорынның жаһандық нарықтағы әлеуеті арта түспек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Біз бизнеске барынша қолдау көрсетіп, оның дамуына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жоюымыз керек», – деген болатын. Осы бағыттағы нақты істердің бір жарқын мысалы ретінде Balabi Textile секілді өндірістердің өмірге келуін айтуға болады.
Бүгінде Шымкент – тұрғындар саны қарқынды өсіп жатқан мегаполис қана емес, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп өркендеген мекенге айналып келеді. Мұндай бастамалар арқылы қаламыз еліміздің өндірістік картасында өзінің айрықша орнын алады деп сенеміз.

 

А.Ермекқызы

 

 

Advertisements