ШЫМКЕНТТЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПОСЫ АШЫЛДЫ
Атаулы күн қарсаңында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің қатысуымен заманауи үлгіде бой көтерген өрт сөндіру депосының ашылу салтанаты өтті. №3 бөлім Түркістан көшесінде орналасқан ғимараты апатты деп танылған бұрынғы депоның орнына салынды. Жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен бой көтерген 4 автокөлікке арналған депо өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Мұнда түрлі авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын ірі техникалар орналастырылады. Бөлімде 68 қызметкер жұмыс істейді. Жеке құрам үшін оқу сыныбы, демалыс, жатын бөлмелері, ас үй, акт залы, спорт залы, техникалық және әкімшілік үй-жайлар қарастырылған.
Бүгінде қалада 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді, теңгерімдерінде 114 арнайы техника бар. Күн сайын жеке құрамнан 146-ға жуық адам тәуліктік кезекшілікке шығады. Айта кетейік, қараша айында Әкімшілік іскерлік орталықта жаңа өрт сөндіру депосы іске қосылған болатын. Қазір мұндай бөлім Сайрам тұрғын алабында салынуда.