Шымкент: Қосымша білім берудегі бірыңғай ваучер жүйесі талқыланды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Қосымша білім берудегі бірыңғай ваучер жүйесі талқыланды

1

Шымкент қаласында қосымша білім беру саласына енгізіліп жатқан бірыңғай ваучер жүйесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында пилоттық жобаны іске асыру кезінде туындаған мәселелер ашық талқыланып, қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, бұрынғы тәжірибеде қосымша біліммен қамту көрсеткіштері нақты жағдаймен сәйкес келмегенін мәлімдеді. Мәселен, тіркеуде 5 500 бала болғанымен, үйірмелерге нақты барып жүргені 4 000-нан аспаған. Бұл жағдай жалған есептіліктің бар екенін көрсеткен.
Жаңа ваучерлік жүйе бұл олқылықтардың алдын алуға бағытталған. Қазір білім беру процесі толық цифрландырылып, әр баланың нақты қандай үйірмеге барып жүргені автоматты түрде бақылануда.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері қосымша білім беру ұйымдарын бір басқармаға шоғырландыру мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін бұл ұйымдар салалық бағыттарға қарай – спорт, мәдениет және білім басқармалары арасында бөлінген болса, қазіргі өзгеріс бойынша олардың барлығы Білім басқармасының қарауына біріктірілуде. Қоғам өкілдері бұл өзгерістің заңды негізін пысықтау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, жиын барысында жалған тіркеу деректерінің алдын алу жолдары қарастырылып, жаңа жүйедегі бақылау механизмдерінің енгізілгені атап өтілді.
Кездесуді қорытындылаған Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің тиімді тұстарын атап өтіп, қоғам тарапынан айтылған барлық ұсыныстар ескерілетінін жеткізді. Басты мақсат – қосымша білім беру саласында ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету.
Advertisements