
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде 2024 жылдың соңына қарай 5,6 мың тонна тұрмыстық химия өндірілген. Бұл елдегі 123 мың тонна жалпы тұтынудың 4,5%-ын ғана құрайды. Импорттың басымдығына қарамастан, отандық өндірушілер де өз мүмкіндіктерін сенімді түрде арттыра бастады. Шымкенттегі тұрмыстық химия өндірісімен айналысатын «MK.KAZYNA» ЖШС сондай отандық өндірушілердің қатарында.
Үшінші мегаполисте тұрмыстық химия өндірісі дамып келеді. «RASUS» зат таңбасымен танылған сабындар, кір жууға арналған сұйықтықтар мен тазалыққа қажетті құралдарды шымкенттіктер ғана емес, бүкіл қазақстандықтар да күнделікті қоладанып жүр.
Отандық нарықты жаулап үлгерген «MK.KAZYNA» ЖШС-нің негізі 2021 жылы қаланған. Араға бір жыл салып компания «RASUS» зат таңбасымен тұрмыстық химия және косметологиялық-гигиеналық өнімдерді шығара бастайды. Кәсіп иесі Марина Кадирова өзінің осы өндіріске келгені жайлы былай еске алады.
«Бұл кәсіпке бірден келгенім жоқ. Басында баклашка шығару бизнесін бастаған болатынмын. 2020 жылы пандемия кезі (карантин) болса да, баклашка өндіруге қатты қызығып, осы кәсіп туралы ғаламтордан азды-көпті мағлұмат жинадым. Сөйтіп, нар тәуекелге бел буып, Қытайдан баклашка үрлейтін 5 миллион теңгеге аппарат сатып алдым. Берген тапсырысым 1 жарым айдан соң келді»,-деп сол кезді еске алған Мария Кадирова су жаңа аппаратын сатып жібергісі келгенін де жасырмады.
Бірақ, ойлана келе жұмысын тоқтатқалы тұрған дайын бизнесті сатып алыпты. Осылайша өзімен қосқанда 3 адам болып бастаған кәсібі өрге домалап, Шымкенттегі №1 баклашка шығаратын өндіріске айналды.
Креативті әрі көреген кәсіпкер мұнымен шектелмейді. Ол баклашканы тағы қандай да бір пайдаға жаратудың жолдарын іздестіреді.
«Осы баклашкаға не құйып өндірсем болады?» деген ой мазалап жүрді?! Жұмыстағы цех басшысына өзімнің ойымды айттым, содан ғаламторды, әлеуметтік желілерді сараладық, соңында тұрмыстық өнім өндіруге шешім қабылдадық. Технолог маманынды да тез таптық…»,-дейді кәсіпкер.
Осылайша Қытайдан аппараттарға тапсырыс беріп, шикізаттардың барлығын шетелден алдыртады. Барлық құжаттарды құнттап, патенттеп 3 айда қолына «Сертификат» алып, өз ісін бастап кетеді.
«Кәсіпті өз қаражатыма бастадым. Тек былтыр ғана 2024 жылы бір екі аппарат пен бизнесті одан әрі дамыту үшін «Дамудан» 15 млн теңге несие алдым»,-дейді Мария Кадирова.
Шымкенттік кәсіпкер алдағы уақытта бизнесіне инвестор тартпақ. Мақсаты орындалса, индустриалды аймаққа көшу ойында барын да жасырмады.
“RASUS” латын тілінен аударылғанда “ТАЗАЛЫҚ” деген мағынаны білдіреді. “Әрбір үйді тазалыққа шақырамыз”-деген мақсатпен “RASUS” тұрмыстық өнімдерін өндіріп бастадық…
Бүгінде “RASUS” зат таңбасымен танылған отандық тұрмыстық химия мен косметологиялық-гигиеналық өнімдер еліміздегі барлық дүкен сөрелерінде сатылуда. Сондай-ақ, бұл өнімдерді О.маркет.кз онлайн гипермаркетінен де сатып алуға болады.
Кәсіпорын өнімнің 67 түрін шығарады. Өндіріс орнында айына 20 000 дана дайын өнім өндірілуде.
Шымкенттік кәсіпкер тауарлардың сапасын жақсарту, тұтынушылардың көңілінен шығу, талғампаз ханымдардың сұранысын қанағаттандыру үшін өнімнің түрін арттыру бағытында тынбай жұмыс жасап келеді.
Кәсіпорынның өз лабораториясы бар. Еуропалық және халықаралық стандарттарға сай заманауи құрылғылармен жабдықталған цехта өз ісінің кәсіби мамандары жұмыс істеуде.
Қазақстан нарығына 2022 жылдың мамыр айынан бастап таныла бастаған өндіріс орнының тауарлары Ресей мемлекетіне де экспорттаған.
Бұнымен әрі қарай тоқтап қалмай, типография саласында да өзін шындап жатқан шымкенттік кәсіпкер широкоформатты принтер арқылы бөтелке және тұрмыстық химия өнімдеріне қажетті этикетка мен жапсырмаларды өз өндіріс орнында шығаруды қолға алыпты.
А.Ермекқызы