Шымкентте он бірінші рет “Мерейлі отбасы” байқауы ұйымдастырылуда
Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Ал жыл сайын үлгілі отбасылар байқауын өткізудің маңызы зор. Себебі, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік ұғымдарын ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды отбасы құндылығын кеңінен насихаттау арқылы отбасы құндылықтарын арттыруға болады.
Осыған орай, Шымкентте дәстүрлі байқау он бірінші рет өткізілгелі отыр.
– «Мерейлі отбасы» байқауы – мазмұны мен тәрбиелік жағынан өзгеше іс-шара, яғни аға буынға “Артымда қандай ұрпақ қалдырамын?” деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейтін, рухани байытатын шара. Бұл ұлттық байқау – ұрпақтар сабақтастығын жария етіп, елге қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, өнеге алатын байқау ретінде қоғам алдындағы құндылығы жоғары, – деді, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысы Айгерім Жұмағұлова.
Айта кетейік, Шымкентте ұлттық конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасылар мамыр-маусым айларында өтініштерін тапсырған болатын. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер, барлығы 20 отбасы байқаудың екінші қалалық кезеңіне жолдама алды. Олардың қатарында еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер, зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар, көпбалалы отбасылар қатысты.
Нәтижесінде, комиссия мүшелерінің шешімімен Сыдықовтар отбасы жеңімпаз атанып, республикалық конкурсқа қатысуға жолдама алды.
Ұлттық байқауға қатысқан отбасылардан оқ бойы озық шыққан отбасыға арнайы диплом мен 1 миллион теңге қаржылай сыйлық табыс етілетін болады. Ал 19 отбасы да қала әкімінің алғыс хатымен және бағалы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.