Шымкенттіктер әлем чемпионатының қола жүлдегерін туған жерінде зор қошеметпен қарсы алды

Бүгін Тәжікстанның Душанбеде қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Талғат Орынбасар туған жеріне оралды. Спортшыны әуежайда ата-анасы, спорт мектебінің басшылары мен жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков іс-шарада Талғатты жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде табыс тіледі.
«Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді, соның бірі – Талғат Орынбасар. Дзюдо спорты елімізде соңғы уақытта қарқынды дамуда. Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтың жеңіске жеткенін білесіздер. Енді Елдостың салмағында Талғат әлемдік сайыста көзге түсіп отыр. Біз жерлесімізден зор үміт күтеміз. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасы мен бапкерлеріне алғысымды білдіремін», – деді Маратбек Мықтыбеков.Талғат Орынбасар әлем чемпионатында 60 келі салмақта белдесіп, үшінші орыннан көрінді. Жерлесіміз ширек финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін Әзербайжаннан келген Низами Имрановпен болған белдесуде жеңіске жетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан ол осы жарыс барысында барлығы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Ол іріктеу кезеңінде Матья Жеремик (Сербия), Адис Орозмаматовты (Қырғызстан) жеңді. Ширек финалда тәжікстандық қарсыласына есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Винчензо Манферлоттиді (Италия) жеңіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алған болатын. Аталған салмақ дәрежесінде жапониялық Ямато Фукуда жеңімпаз атанды. Тәжікстандық Лойқ Кудбудинов күміске, Талғат Орынбасар мен өзбекстандық Муродил Муродиллаев қола жүлдеге ие болды. Осылайша, отандасымыз Талғат Орынбасар 2023 жылғы жетістігін қайталады.
Бұл – жасөспірімдер және жастар арасында Талғаттың әлемдік деңгейдегі үшінші жүлдесі.
Талғат Орынбасар өзі қатысқан соңғы үш жылдағы әлем чемпионатының үшеуінде де қола жүлдеге қол жеткізді. 2022 жылы жасөспірімдер арасында, 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Айта кетерлігі, Тәжікстан астанасы Душанбеде дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Әлем чемпионатына 67 елден 531 жас татами шебері қатысты.