Түркістан облысында «Ұлы дала дүбірі» додасы өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Түркістан облысында «Ұлы дала дүбірі» додасы өтті

4
Төлеби ауданы, Зертас ауылдық округінің белсенді жастарының ұйымдастыруымен, ауылдық округ әкімі аппараты, Мәдениет үйі, мемлекеттік мекеме қызметшілерінің атсалысуымен, ауылдық округ тұрғындарының қолдауымын «Ұлы дала дүбірі» тақырыбында жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен көшпенділер ойыны өтті. Ауылдық округтегі стадионға арнайы киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайылып, бүлдіршіннің тұсау кесер рәсімі өтті.
Спорттық додаға қатысушылар садақ ату, аударыспақ, қазақ күресі, қол күресі, арқан тартыс, турникке тартылу, қошқар көтеру, гір тасын көтеру, асық атудан сайысқа түсті. Жастар арасында дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстарын енгізу және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, достық қарым-қатынасты ұлғайтуға бағытталған сайысқа облыстан командалар мен жекелеген спортшылар қатысты.
Жарысқа Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев қатысып, спорттық сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында салауатты өмір салтын қалыптастыру, дені, тәні сау, ақыл-ойы ұшқыр, егеменді еліміздің келешегі болатын жалынды жастарды тәрбиелеудің басты мақсат екенін жиі айтады. Еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін тасытып, көк байрағымызды көкке желбіретіп жүрген жастарымыз – біздің мақтанышымыз. Шаршы топта жеңіске жетудің өзі қандай мәртебе! Сіздерге осы жарыста сәттілік тілеймін», деді құттықтау сөзінде Бағдатбек Пердебайұлы.
 Сайыс қорытындысы бойынша жеңіске жеткен командаларға, жекелеген спортшыларға бағалы сыйлық, диплом табыс етілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements