Ұлттық қауіпсіздікті киіммен қамтамасыз ететін «Арайлы» тігін өндірісі жайлы не білеміз? - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Ұлттық қауіпсіздікті киіммен қамтамасыз ететін «Арайлы» тігін өндірісі жайлы не білеміз?

5

Шымкенттегі «Арайлы» тігін фабрикасы он екі жылдан бері Қазақстанның күштік құрылымдарын сапалы формалық киіммен қамтамасыз етіп келеді. Жақында фабриканың тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы мамандармен тілдесуге мүмкіндік алған едік.

Ең алдымен фабрикаға кірген адам мұндағы тазалық пен тәртіпке, жұмыс ырғағына ерекше назар аударады. Қызметкерлер үнсіз, бірақ шапшаң әрекет етеді. Әрқайсысының алдында нақты тапсырма тұр. Ал, әр тігін машинасы – жаңа бір киімнің бастамасы. Тігін цехтары ауысым сайын мыңдаған өнім тігеді. Мәселен, китель мен шалбардан – 300 жиынтық, жазғы камуфляж – 350, қысқы камуфляж – 200 жиынтық, ал жейделер – бір ауысымда мың данаға дейін тігіледі. Бұл өнімдердің барлығы сапа мен өлшем талаптарына сай, тәртіппен тігіледі.
Фабрикада еңбек ететін 125 қызметкер кәсіпорынның тірегіне айналған. Олардың арасында жоғары білімді инженер-технологтар да, тігін өнерін бала кезінен меңгерген шебер аналар да бар. Әрине, қарапайым жіп пен матадан әскери киім тігу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әр жейде мен шалбар ел қорғаны болған сарбаздың киімі, сондықтан сапасыз тігіс пен қисық пішім мүлдем қабылданбайды. Әр киім мінсіз әрі сенімді болуы тиіс.
Жабдықтар заманауи деңгейде жаңартылған. Автоматтандырылған жүйелер, жоғары технологиялы станоктар, үлгі шығару құрылғылары дәстүрлі тігін шеберлігін қазіргі заманның мүмкіндіктерімен ұштастырады. Бұл «Арайлы» фабрикасының техникалық қуатын айқын көрсетеді.
Бүгінде фабриканың атағы елімізде ғана емес, шетелдерде де кең тара бастады. «Арайлы» кәсіпорыны Астана қаласында өткен «KADEX-2012» және «KADEX-2014» әскери техникалар көрмелеріне қатысып, Мәскеудегі «Текстильлегпром» жәрмеңкесінде өз өнімін танытты. Қазақстандық және халықаралық көрмелерде жоғары баға алып, ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер болып табылады.
Киім өндірісінде сапалы мата мен фурнитураның маңызы зор. Осы тұрғыда фабрика алдыңғы қатарлы жеткізушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда, өндірісте Ресей мен Беларусьтің танымал текстиль компанияларынан, сондай-ақ Чайковский, Павловский Посад, Могилев, Минск секілді қалалардан келетін материалдар қолданылады. Бұл шикізаттар ұлттық мүдде үшін қызмет ететін киімге айналады. Қазақстанда «Арайлының» серіктестері Алматы мен Шымкенттегі бірнеше ірі компаниялар болып табылады.
«Арайлы» фабрикасының әр тігісінде ұқыптылық, әр бұйымында сенім бар. Қазақстанның қауіпсіздігіне қызмет ететін бұл кәсіпорын өз жұмысын адалдықпен және сапаға баса назар аудара отырып жүргізуде.

Advertisements