«АйМар Құс» құс фабрикасы еуропалық стандарт бойынша өнім өндіруде - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«АйМар Құс» құс фабрикасы еуропалық стандарт бойынша өнім өндіруде

1

Шымкент қаласындағы «АйМар Құс» құс фабрикасы жаңа технологиялар мен әлемдік стандарттарды басшылыққа алған заманауи кәсіпорын болып табылады. Биоқауіпсіздік талаптарына сай салынған бұл фабрика экологиялық таза аумақта орналасқан. Өндірістік және мал шаруашылық кешендерінен алыс болғандықтан, санитарлық және ветеринарлық қауіпсіздік деңгейі де жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде.

Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын кәсіпорын 2023 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда екі құс өсіру цехы, жұмыртқа басатын тауық цехы, ветеринариялық зертхана, жұмыртқа сұрыптау цехы мен қойма жұмыс істейді. Негізгі өнім – тауық жұмыртқасы, оның орташа жылдық өндірісі 72 миллион данаға жетеді. Алдағы жоспар бойынша 2026 жылға дейін жұмыртқа басатын тауықтардың санын 660 мыңға дейін арттырып, өндіріс көлемін жылына 220 миллионға жеткізу көзделуде.
Фабрикада өсірілетін құстар «Супер Ник» тұқымынан, олар жоғары өнімділікке және сапалы жұмыртқа шығаруға бейімделген. Құс өсіру барысында гормондар, өсу стимуляторлары және генетикалық өзгертілген заттар қолданылмайды. Бұл өнімнің экологиялық тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құс жемдері таза табиғи өсімдік шикізаттарынан дайындалады.
«АйМар Құс» құс фабрикасы ең озық еуропалық жабдықтармен жарақталған. Неміс «Big Dutchman» және голландиялық «Moba» компанияларының заманауи техникасы өндіріс процесін автоматтандырып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жұмысшылар саны 70 адамды құрайды, олардың барлығы өз ісінің кәсіби мамандары және өндіріс сапасына ерекше көңіл бөледі. Ветеринариялық қызмет өнім сапасына тікелей жауапты, құстардың денсаулығы үнемі қадағаланып, сапасыз өнімнің нарыққа шығуына жол бермейді.
Құс фабрикасында ветеринариялық және зоотехникалық зертханалар жұмыс істейді, онда шикізат пен дайын жемнің сапасы мен қауіпсіздігі мұқият тексеріледі. Инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жүйелі мониторинг жүргізіліп, профилактикалық іс-шаралар ветеринар дәрігерлердің бақылауында жүзеге асырылады.
«АйМар Құс» құс фабрикасының өнімдері «Халал» және «ISO» халықаралық сертификаттарымен расталған сапаға ие. Барлық жұмыртқалар өндіріс процесінің әр кезеңінде қатаң бақылауда болады, санаттар бойынша сұрыпталып, тұтынушыларға жеткізіледі.
Түйіндей келгенде, мұндай кәсіпорынның еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және сапалы өнім өндіруде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Advertisements