Шымкентте ауыл шаруашылығы жерлеріне салық жеңілдігі енгізілді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте ауыл шаруашылығы жерлеріне салық жеңілдігі енгізілді

3

2018 жылдың 19 маусымында Қазақстан Президентінің №702 жарлығымен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, қаланың даму бағытына тың серпін берді. Бұл шешім ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бір бөлігінің елді мекендердің жеріне өтуіне себепші болды.

Қазіргі таңда ҚР Салық кодексінің 505-бабына сәйкес Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемесі гектарына 91 700 теңге болып белгіленген. 2022 жылы қала мәслихаты бұл мөлшерлемені 50 пайызға төмендетіп, гектарына 45 850 теңге көлемінде бекіткен болатын. Десе де, бұл жеңілдік жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер үшін жеткіліксіз болып, салықтық жүктеме ауыр екенін көрсетті.
Осы мәселені шешу мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізілді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодекстің 584-бабының 4-тармағына сәйкес, елді мекендердегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық мөлшерлемесі гектарына 1 013 теңгеге дейін төмендетіледі. Бұл бұрынғы мөлшерден 45 есе аз, яғни жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар үшін үлкен жеңілдік әрі қолдау.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 56 мың гектарды құрайды. Оның 26,4 мың гектарында шамамен 4 мыңға жуық шаруа қожалығы мен кәсіпкер еңбек етуде. Бұл ауыл шаруашылық ұжымдары қала тұрғындарын үнемі сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп келеді.
Жаңа салықтық жеңілдік Шымкенттің ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп, қала экономикасына тұрақты үлес қосатыны анық. Жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлескен еңбегі арқылы қаладағы агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар жүзеге асуда.
Шымкенттің республикалық мәртебесі мен жаңа салықтық саясат ауыл шаруашылығын қолдаудың нақты көрінісі болып табылады. Бұл бастамалар қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды шаралар ретінде қабылданып отыр.

Advertisements