Шымкентте «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктері анықталды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктері анықталды

5

Палата директоры Сабира Адамбекова төрағалығымен бренд-комитеттің отырысы өтті. Онда 10 кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, бақ сынады. Олар бұған дейін Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесіне қатысқан 43 үміткердің арасынан іріктеліп алынған болатын.

Бренд-комитет мүшелеріне таныстырылған өнімдердің арасында жылқы және тауық етін кептіріп, дәм әзірлеуден бастап асқабақ дәнінен май сығатын, төрт түліктің қалпымен құрт жасайтын, ешкі сүтінен айран, май, йогурт ашытып, керамикадан кәдесыйлар, сән әшекейлерін жасайтын, экологиялық матадан сөмке тігетін, ағаштан түйін түйіп, домбыра жасайтын, жергілікті сүт-айраннан сыр, ірімшік өнімдерін әзірлеп, квас ашытатын кәсіпкерлер болды.
Сонымен, бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша 3 кәсіпкер үздік деп танылды. Олар:
1) Жылқы және тауық етін кептіріп, дәм әзірлейтін «Жолдыбаев» жеке кәсіпкерлігі;
2) Керамикадан кәдесыйлар мен әшекейлер жасайтын «Салтанат» жеке кәсіпкерлігі;
3) Асқабақ дәнінен май сығатын «Ақсабын» жеке кәсіпкерлігі.

Бұл жеңімпаздармен қоса қалған қатысушыларға да Кәсіпкерлер палатасы тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, өндірісті кеңейтуге, қажет болған жағдайда экспортқа шығу бойынша қолдау көрсетіледі. Жалпы, бренд-комитет мүшелері отырысқа келген барлық үміткерге кәсіптің ауқымын кеңейтіп, өнімдерінің нарықтық әлеуетін арттыру бойынша кеңес берді.
Жобаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау «Бизнестің жол картасы», «Жас кәсіпкер», «Ауыл аманаты» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылады. 2025 жылы Шымкент қаласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына 125 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Оның ішінде:
75 миллион теңге — оқыту, консалтинг және біліктілікті арттыру шараларына;
30 миллион теңге — өнімнің қаптамасын жетілдіру, сертификаттау және стандарттау;
20 миллион теңге — көрме-жәрмеңке, маркетинг және жарнама жұмыстарына бағытталған.
Сонымен қатар, жеңімпаз кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие (6%-ға дейін) мен гранттық қаржыландыруға (10 миллион теңгеге дейін) қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл – өз өнімін кеңінен таратып, өндірістік қуаттылықты арттырғысы келетіндер үшін үлкен қолдау.

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 тамыздағы № 626 қаулысымен бекітілген кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында өткізіледі.

Advertisements