Шымкентте кенеге қарсы дезинфекция жұмыстары қарқын алған

Қалада энзоотиялық кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жыл сайын екі кезеңде — көктем мен күзде жүйелі түрде атқарылуда. Бұл бағыттағы шараларды «Ветеринариялық қызмет» мекемесі ұйымдастырады. Мамандардың айтуынша, биыл осы жұмыстарға 18 дезинфектор маман мен арнайы бүркуіш аппаратурасы орнатылған 6 техника жұмылдырылған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында баяндады.
Жыл басынан бері 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары бүркіліп, тоғытылды. Сонымен қатар, 4,6 миллион шаршы метр аумақтағы қора-жайлар, буферлік аймақтар, саябақтар мен гүлзарлар залалсыздандырылды. Бірінші кезең 31 наурыз бен 15 мамыр аралығында жүзеге асырылса, екінші кезең 29 шілдеде басталды.
Айта кетерлігі, залалсыздандыру жұмыстары бюджет есебінен тек қана малы бар үйлер мен ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға арналған қораларда жүргізіледі. Ал жеке және заңды тұлғалар көпқабатты үйлердің жертөлелері мен жеке сектордағы үй-жайларында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын өз қаражатымен жүзеге асыруға міндетті. Бұл талап ҚР 2020 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» №360-VI Кодексінің 107-бабының 1-тармағында нақты бекітілген.
Қала әкімдігі және аудандық әкімдіктер бірлесіп, тұрғындарға кенеден сақтанудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына ерекше мән беруде. Сонымен қатар, өз аулалары мен қора-жайларын жиі-қайта тазалап, қоқыстарды уақытында шығару қажеттігін қадағалау керектігі ескертілуде. Дегенмен, кейбір тұрғындар залалсыздандыру шараларының мәнін ескермей, қораларын тазаламай, салғырттық танытуда. Мамандар мұндай жағдайда дезинфекцияның тиімді болмауы мүмкін екенін атап өтті.
2024 жылдың 7 айында қалада кене шағу жағдайы бойынша 577 адам тіркелген. Оның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) бойынша 2 расталған жағдай бар. Екеуі де Түркістан облысының Сайрам және Келес аудандарында мал бағу мен ауылшаруашылық жұмыстарына байланысты кенеден жұққан.
Жалпы 2024 жылы елімізде КҚГҚ бойынша 5 күдікті жағдай тіркеліп, оның 2-уі зертханалық түрде расталған. Ауру жұқтырған науқастардың бірі – Түркістан облысының тұрғыны, кенеден ауыр дертке шалдыққан, өкінішке орай, бұл жағдай өліммен аяқталған. Ал екінші расталған науқас Әл-Фараби ауданының тұрғыны, қазіргі жағдайы қалыпты.
Мамандықтар мен жауапты ведомствалар тұрғындарды жан-жақты ақпараттандырып, профилактикалық шараларды күшейтуге шақырады. Кене шағу қаупін азайту үшін жеке сектор мен мал жайылымдарында тазалықты сақтап, залалсыздандыру жұмыстарын уақтылы жүргізу маңызды.