Семей: Суға батқан көліктің екі жолаушысын іздеу жалғасуда
5 қаңтардан бері Семейде өзенге құлаған көлікте болған екі адамды іздеу жалғасуда. Операцияға Абай облысынан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан құтқарушылар, сондай-ақ Алматыдан жедел–құтқару жасағының мамандары қосылды.
ҚР ТЖМ мәліметі бойынша, іздестіру үшін эхолоттармен жабдықталған 12 жүзу құралы, 3 суасты дроны және 2 пилотсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.
Жоғалған қыздардың бірінің туыстары іздеу жұмыстарына қажетті қайықты сатып алу үшін қаражат жинауды жариялапты-мыс. Қажет сомма 1 200 000 теңгені құрайды. Алайда, Абай облыстық ТЖД-да қазіргі уақытта қосымша жүзу құралдарының қажеті жоқ екенін хабарлады.
“Біз қала тұрғындары мен қонақтарынан ауа-райының қолайсыздығына байланысты су қоймаларына жақындамауды сұраймыз“, деп хабарлады ведомстводағылар.
Іздестіру операциясы жалғасуда, жоғалған адамдарды табу үшін барлық қол жетімді ресурстар тартылды.