Қазақстаннан жаңа халықаралық рейстер қосылуда
2025 жылдан бастап “Air Astana“ мен “Air Cairo“ авиакомпаниялары Алматы, Астана және Қостанай қалаларынан бірқатар жаңа бағыттар бойынша: Вьетнам, Қытай және Египетті қоса алғанда жаңа рейстерді енгізді, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
“Қытайға, Вьетнамға және Египетке жаңа рейстер ашылады. ҚР Көлік министрлігі тұрақты негізде ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы маршрут бойынша рейстер санын көбейту бағытында жұмыс жүргізуде“, – делінген хабарламада.
“Air Astana“ әуекомпаниясы наурыз айынан бастап аптасына төрт рет жиілікпен Алматыдан және аптасына үш рет Астанадан Нха Трангқа (Вьетнамға) рейстерді іске қосады. Сондай-ақ аптасына үш рейспен Алматы–Гуанчжоу (Қытай) бағыты пайда болады. “Air Cairo“ көктемгі — жазғы маусымнан бастап аптасына бір рет Қостанай–Шарм–эль — Шейх, аптасына екі рет Алматы — Хургада рейстерін бастайды, сондай-ақ аптасына бір рет Алматы–Эль–Аламейн бағытын қайта бастайды.