Шымкенттік спортшы қысқы универсиадада ел қоржынына қола медаль салды
Кеше Италияның Турин қаласында XXXII қысқы Универсиадада аяқталды.
Қаңтардың 13-і мен 23-і аралығында өткен дүбірлі додаға еліміздің намысын қорғауға 103 спортшы қатысты. Отандастарымыз Турин төрінде 10 спорт түрінен бәсекеге түсті.
Солардың арасында ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Айбек Темірхан да өнер көрсетті. Ол шорт-тректен ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетаға қатысып, ел қоржынына қола жүлде салды.
Айбек Темірхан бұған дейін шорт-тректен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері, сондай-ақ Италияның Бромо қаласында өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанған.
Айта кету керек, қазақстандық спортшылар XXXII қысқы универсиада ойындарын жалпы 14 жүлдемен аяқтады. Қазақстан қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль түсті.
Осылайша, ел құрамасы универсиада ойындарын жалпыкомандалық есепте 12 орында аяқтады.