Шымкентте өткен жылы 8 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді
Елімізде медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, халықтың денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде.
Соның ішінде, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі артып, жоғары технологиялық зерттеулерге жол ашылды. Бүгінде пациенттер бейінді мамандардың кеңесіне жүгініп, заманауи диагностика мен зертханалық талдауларды еш кедергісіз ала алады. Өткен жылы 8 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілуі – осы саладағы оң өзгерістердің айқын дәлелі.
Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Шымкент қаласында 156 мыңнан астам тұрғын медициналық сақтандыру аясында қажетті дәрілік препараттарды тегін алды. Диспансерлік есепте тұрған азаматтар 100-ге жуық түрлі ауру бойынша дәрілермен қамтамасыз етіліп, тегін дәрілік заттар тізімі айтарлықтай кеңейді. Бұл – халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеруге жасалған маңызды қадам. Дәрі-дәрмек алу процесі де барынша ыңғайлы ұйымдастырылған: пациент учаскелік дәрігерге барып, қажетті ем-домға рецепт ала алады, ал шұғыл және стационарлық емдеу кезінде барлық дәрілер тегін беріледі.
Медициналық қызмет сапасын одан әрі жақсарту мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Өткен жылы медициналық ұйымдардың жұмысына кешенді талдау жасалып, қызмет сапасын арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Сонымен қатар, пациенттердің пікіріне ерекше назар аударылып, медициналық көмек көрсету сапасын одан әрі жақсарту үшін ішкі аудит қызметі күшейтілді.
Бәсекелестіктің артуы мен медициналық ұйымдар санының көбеюі қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің тиімді әрі қолжетімді болуына ықпал етуде. Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер халықтың әл-ауқатын жақсартып, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті одан әрі арттыра бермек.