Шымкентте 16 өнерпаздың басын қосқан ән байқауы өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте 16 өнерпаздың басын қосқан ән байқауы өтті

1

Бүгін Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі қарсаңында қаламызда тұңғыш рет «Күміс көмей» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.

Бұл байқау Қазақстанның халық әртістері Үрия Тұрдықұлова мен Жамал Омарованы еске алуға арналады.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 16 өнерпаз қатысты. «Күміс көмей» дәстүрлі ән байқауының қазылар алқасында қазақ ән өнерінің алыбы, Жәнібек Кәрменовтың шәкірті Кенжебай Шал, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бейбіт Мұсаев және басқа да кәсіби мамандар қазылық етті.
Байқауда сөз алған Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы «Бүгін Шырайлы Шымкент қаласы ән салып тұрғандай көрінеді. Бұл – ата-бабаларымыз арман еткен егемендігіміздің арқасы екендігін ерекше атап өтуіміз керек. Әлемдік музыкада классика деп саналатын қандай әуендер екендігі бәріңізге белгілі. Ал қазақ халқы үшін нағыз классика – дәстүрлі ән. Бүгін сол саф өнердің шырқау биікте самғап тұрғанын көзімізбен көрдік. Бұл байқауды көрген де арманда, көрмеген де арманда», – деді.
Үш кезеңнен тұратын ән байқауының қорытындысы бойынша бас жүлде 1 миллион жүлде қорымен Шымкент қаласының күміс көмей әншісі Оразалы Жаңабайға табысталды. Бірінші орын 700 мың теңге жүлдесімен Шығыс Қазақстан облысынан келген әнші Дияс Мұратханға берілді. 500 мың жүлде қорымен екінші орын Қарағанды облысынан келген Қуандық Төкенов пен Жамбыл облысынан келген Айсұлтан Көпбосынға бұйырды. Ал 300 мың теңге сыйақысымен жүлделі үшінші орын Атырау облысынан келген Әділет Тілеш пен Астана қаласынан келген Мөлдір Смайылға бұйырды. Ал 250 мың жүлде қорымен арнайы жүлде шымкенттік әнші Маратов Еламанға және Қызылорда облысынан келген Тоғжан Алтынбекке табысталды.
Ал қалған қатысушыларға 200 мың теңгеден қаржылай сыйлықтар берілді.
Advertisements