Шымкентте экологиялық науқан өтті

Бүгін Наурызнама онкүндігінің соңғы күні – тазару күні. Бұл – табиғаттағы, адамның ішкі әлеміндегі тазарудың нышаны. Бұл күн жаңа жылды үйді, жан-дүниені, қоршаған ортаны тазартудан бастау керектігін көрсетеді.
Осыған орай Қаратау ауданы Нұрсат шағынауданында “Таза аула” акциясы өтті. Аталған акцияға аудан әкімі аппаратаы қызметкерлері, ардагерлер, жергілікті тұрғында және еріктілер жалпы 150 адам қатысты.
Тазарту жұмыстарына 2 арнайы техника және 2 қоқыс шығаратын техниканың көмегімен 20 м.куб қоқыс шығарылды. Одан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлермен жеке секторлардан шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтар толығымен тазартылды.
Осылайша қаратаулықтар бүгінгі күнді Наурыз мейрамының оныншы күні қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын еске салатын экологиялық науқанға арнады.

Шымкент қаласының Тұран ауданында да тазару күнінде 8 ш/а 1а, 2, 17, 17а, 18 үй аулалары мен орталық көшелерді тазалау сенбіліктері өтті.
Сенбілікке коммуналдық мекеме жұмысшылары аталған үй тұрғындары және белсенділер қатысып, санитарлық тазалау, ирригация жүйелері мен жол жиектерін тазалау, көшет егу жұмыстары атқарылды.
Жалпы 500 жуық адамдар қатысып, 18 техника тартылды. 300 дана көшет егілді, 8 көшеде 12 шақырым ирригация жүйелері және жол жиектері тазаланды, 120 тн қоқыс шығарылды.
Жалпы тазару күні тек қоршаған ортаны тазалау ғана емес, сонымен қатар ішкі жаңарудың символы болып табылады. Қажетсіз нәрселерден арылу, айналадағы кеңістікті реттеу және тазалау оң өзгерістерге бейімделуге көмектеседі.
Экологияны мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қабылдау қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тұрақты әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Абай ауданы аумағында да бүгін сенбілік ұйымдастырылды. Жидели ш/а ТЛЦ аумағы мен Асар ш/а, жол жиегіндегі инертті материалдар мен ирригациялық арық жүйелері қоқыстардан тазартылды.
Аталған мекен-жайда тазартуға тұрғындар мен тазалық мекемелерінен 350 – ге жуық адам қатысты.
Қоқысты шығаруға 10 арнай техника жұмылдырылып, 2500 м ирригациялық лотоктар, жол жиегі, 6200 м аяқ жолдар тазаланып, 40 тонна қоқыс шығарылды.
Еңбекші ауданында да ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараға аудан тұрғындары, кәсіпкерлік нысандар, аппарат қызметкерлері, “Еңбекші” КММ мен “Группа Интеко” ЖШС қызметкерлері белсенді түрде атсалысты.
Сенбілік барысында, ағаштар әктеліп, көшелер мен аялдамалар жуылды. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен аулалар қоқыстан тазартылды.
Тазалық жұмыстарына жалпы 1000-ға жуық адам қатысып, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 67 м³ қоқыс шығарылды.

Жаңадан бой көтеріп келе жатқан Шымкент-Сити шағынауданында «Бір тал кессең, он тал ек» деген акция ұйымдастырылып, аудан тұрғындары 2600-ден астам түп шынар ағаш көшеттерін отырғызды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы басшылыққа алған топтың қатарында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, еріктілер мен белсенді жастар, барлығы 200-ден астам адам бар.
—Халқымыз ежелден Наурызда бұлақтың көзін ашып, айналаны күл-қоқыстан тазартып, ағаш егіп, табиғатқа қамқорлық танытқан. Сол дәстүрді сақтаған еліміз үшін Тазару күні
жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үміт және таза ниетпен қарсы алудың символына айналып отыр, — деді Шымкент қаласы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.
Сонымен қатар Тазару күнінде Шымкент қаласының барлық аудандарында «Таза аула» атты экологиялық іс-шара өтті. Оған бүкіл қала бойынша 4 мыңнан астам адам қатысып, аулалар мен көшелердің бойын күл-қоқыстан тазартты. Ағаштардың түбі әктеліп, қураған бұталары кесіліп, ретке келтірілді. Қоқым жәшіктері, қоршаулар мен орындықтар сырланды.
Айта кету керек, жыл бойы мыңдаған қазақстандық «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық науқанына қатысып, қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік шара емес, өмір салты екенін көрсетті. Тазару күні де экологиялық мәдениеттің маңыздылығын, әрбір адамның тазалыққа жеке жауапкершілігі мен табиғатқа ұқыпты қатынасының арқасында айнала таза болатынын тағы бір көрсеткендей болды.